- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жеңістің 78-ші көктемі:...
Жеңістің 78-ші көктемі: былтыр - 23, биыл - 17
2022 жылы жергілікті билік өкілдері Жамбыл облысында Жеңіс күнінің 77 жылдығымен Ұлы Отан соғысының 23 қатысушысын құттықтап, құрмет көрсеткен болатын. Жыл ішінде 6 ардагер келмес сапарға аттанған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Биыл - Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 78-ші көктемі. Сұрапыл соғыстың Жамбыл облысындағы 17 куәгерінің 11-і Тараз қаласында тұрады. Байзақ пен Талас аудандарында ІІ дүниежүзілік соғыстың 2 куәгері қалған. Меркі мен Сарысу аудандарында екі-екіден 4 ардагер бар.
"2020 жылы Жамбыл облысында Ұлы Отан соғысының 57 ардагері мен мүгедегі, ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген 1 989 адам, 4 742 тыл еңбеккері, Ұлы Отан соғысына қатысқан мүгедектердің 337 жесірі мен әйелі, үш блокадашы және концлагерь тұтқындары болған. Жыл өткен сайын сұм соғыстың тірі куәгерлерінің қатары сиреп қалды", - дейді Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев.
Екі жыл бұрын Тараз қаласында соғыстың 20 куәгері бар еді. Ал облыста Ұлы Отан соғысының 35 ардагері болған. Былтыр Жамбылда Жеңіс мерекесін 23 ардагер қарсы алды.
Биыл Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне және оларға теңестірілген адамдарға 1,5 миллион теңге көлемінде қаржылық қолдау көрсету жоспарланған.
"Соғыс жылдарында 400 мыңға жуық халқы бар Жамбыл облысынан 100 мыңнан аса жауынгер майданға аттанған болатын. Оның 39-ы Жамбыл Кеңес Одағының Батыры, тоғызы Даңқ орденінің иегері атанды", - дейді ардагерлер кеңесінің төрағасы.
А. Сырымбет
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы