Қырғызстандағы Жеңіс шыңының баурайында апатқа ұшыраған Ми-8 тікұшағының суреттері жарияланды. Кадрларды дрон операторы түсірген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Vesti.kg сайтына сілтеме жасап.
Қорғаныс министрлігіне тиесілі тікұшақ 16 тамызда Жеңіс шыңына көтерілгенде зардап шеккен альпинистерден дабыл алған соң Оңтүстік Энильчек аймағына ұшып шыққан. Бортта экипаж мүшелері мен құтқарушылар болған.
Министрлік мәліметінше, қону қиын метеожағдайда және таулы аймақта жүрген. 4600 метр биікте Дикий асуының маңында тікұшақ қатты қонған. Борттағы адамдардың бәрі тірі қалған, бірақ бірнеше адам әртүрлі дәрежедегі жарақат алған, өміріне қауіп жоқ.
Зардап шеккендерді эвакуациялау үшін оқиға орнына екінші тікұшақ жіберілген.
Айта кетейік, биыл тамызда Жеңіс шыңында бес альпинист қаза тапқан: екеуі Ираннан, екеуі Ресейден, біреуі Италиядан. Биіктігі 7 439 метр болатын Жеңіс шыңы – әлемдегі ең қауіпті және күрделі шыңдардың ондығына кіреді. Әр жылдары мұнда шамамен 80 альпинист қаза болған, олардың ешқайсы таудан түсірілмеген.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Бөлек