Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram-парақшасында қаланы көгалдандыру жұмысы қалай жүріп жатқаны туралы жазды, - деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
"Елордамызды көгалдандыру жұмысын жүргізіп жатырмыз. Бүгін Ғашықтар саябағы (Хан-Шатыр СОО-ға қарама-қарсы) қосымша көгалдандырылды. Мәселен, осы сауда орталығының жанында 2 қоғамдық кеңістік абаттандырылды, ал бұл орындарға сауда орталықтарының құрылысы жоспарланған болатын. Бүгін саябақты көгалдандыруға ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, депутаттар, белсенділер және қаланың жанашыр тұрғындары қатысты.
Биыл қалада миллионға жуық жасыл желек (ағаштар, бұталар, көшеттер) отырғызамыз. Басым бөлігі бүгінге дейін отырғызылды, оның ішінде жасыл белдеу де бар. Біз жасыл желектерді көрікті жерлерге, мәдени, спорттық, білім беру және басқа да нысандарға отырғызамыз. Қалада жасыл аймақтар көптеп ашылды.
Биыл сондай-ақ 170-ке жуық аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылды. Мысалға, Ұлытау аллеясын, Мәңгілік ел, Тәуелсіздік, Тұран даңғылдарын, "Қазақ елі" алаңын, "Мыңжылдық" аллеясының бір бөлігін, Жүргенов аллеясындағы гүлзарды, ескі вокзал аумағын және оған іргелес Гете мен Біржан сал көшелерін ауқымды түрде абаттандырып, көгалдандырдық.
Сонымен қатар Ақбұлақ жағалауы, Президент саябағы және "Бейбітшілік пен келісім" саябағы кіретін Есіл өзенінің бойындағы саябақ кластерін абаттандырамыз. Бұған қоса, Жағалау шағынауданында 18 гектар аумақты кешенді абаттандырдық және т.б. Көгалдандырумен және абаттандырумен қаланың барлық ауданын қамтимыз", - деп жазды қала әкімі.
Астана Ішкі саясат басқармасы ұсынған материал
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!