- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Жеңіл жүрісті қызға...
"Жеңіл жүрісті қызға ұқсайсың". Тәжікстан азаматы алматылық қызды соққыға жыққан
Алматыда СПА-салонға баса-көктеп кіріп, әкімші қызды соққыға жыққан ер адам ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Ол қарама-қарсы тұрған дәмханалардың бірінен СПА-салонға келіп, сыра құйып беруін сұрапты. "Алкоголь сатпаймыз" деген қыздың жауабына ашуланып, қолына түскен затты қызметкерге лақтырған.
"Сіңлімнен арақ сұраған. Арақ немесе сыра деген. Сіңлім "Бұл жерде алкоголь сатылмайды, шығыңыз" деген. Ол ақша ұсынып, "Сен жеңіл жүрісті қызға ұқсайсың, мен сені алып кетейін осы жерде күтемін" деп айтқан. Сосын сіңілім "Бұл жерден шығыңыз" деп айтқан кезде ол аузына келгенін айтып боқтаған. Басынан ұрып, шашынан тартып сүйреген", - дейді жәбірленушінің әпкесі Дана Әлімсейітова.
СПА-салонның 25 жастағы қызметкері басынан оңбай соққы алған. Алған жарақаты жүйке жүйесіне де әсер етіпті. Оқиға түнгі сағат 12 шамасында болыпты. СПА-салонда отырған клиенттер дер кезінде полиция шақырып үлгерген. Ер адам қазір қамауда. Тергеу кезінде оның Тәжікстан азаматы екені анықталған. Полиция сот-медициналық сараптаманың қорытындысынан кейін құқықтық баға берілетінін хабарлады.
"Шабуылға қатысты тергеу жүріп жатыр. Әйелді жарақаттаған ер адам қамауға алынды. Ол Тәжікстан Республикасының азаматы. Алған жарақатының ауырлығын анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалды. Алматы полициясы мұндай қоғамға жат әрекетке жол берілмейтінін және қатаң жауапкершілікке тартылатынын ескертеді", - деді Алматы қаласы Бостандық ауданы полиция басқармасының басшысы Нұрлан Нұрқасымов.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
М. Лұқпан