“Жеңіл ақша және бай-бақуатты өмір“: депутат блогерлерге қатысты жаңа ереже ұсынды

“Жеңіл ақша және бай-бақуатты өмір“: депутат блогерлерге қатысты жаңа ереже ұсынды
Фото: depositphotos.com

Қазақстанда әлеуметтік желілерде бай-бақуатты өмір салтын көрсететін инфлюенсерлерге қатысты сұрақ әлі де көп. Бұл жайтты бүгін Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров көтерді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге депутаттық сауал жолдады. 

"Кейінгі кезде әлеуметтік желілерде онлайн лотерея ұйымдастырушылар, коуч-инфлюенсер тарапынан заңсыз әрекеттер жиілеп кетті. Олар билеттер мен түбіртектер арқылы туристік билеттер, техника, зергерлік бұйымдар, жылжымайтын мүлік және көлік сату деген желеумен заңсыз лотерея ойындарын өткізеді. Мұндай гивтер, күмәнді акциялар заңсыз деп саналады", - деді ол.

Депутаттың сөзінше, былтыр лотереяларды заңсыз ұйымдастыру және бағалы сыйлықтар ұтысы бойынша 106 дерек анықталған. Құқықбұзушыларға жалпы сомасы 46 миллион теңгеден аса айыппұл салынған.

"Кейбіреулері әлеуметтік желілерде үнемі бақуатты өмір салтын көрсетеді, қымбат виллалардың, суперкарлардың және басқа да суреттер жариялайды. Осылайша қоғамға еңбек етпей, оңай ақша табуға болады деген ой салады. Ал Қаржы министрлігінде осы азаматтардың тиісті салықты төлеуіне қатысты заңды сұрақтар бар. Салықты барлығы төлеуі керек. "Заң қатал, бірақ бұл - заң" принципі барлық азаматқа қатысты! АҚШ, Ұлыбритания және Қытайда контент авторлары өз қызметінен түскен табыстан салық төлеуге міндетті. Бұл елдердегі салық ставкалары  40%-ға жетуі мүмкін", - деді ол.

Сайыровтың айтуынша, демократиялық елдердегі салық мәдениеті - құқық пен заңның маңызды бөлігі. АҚШ-та, Еуропа елдерінде, Жапонияда, Қытайда ең ауыр құқықбұзушылықтардың бірі салық төлемеу деп саналады.

"Қазақстандық инфлюенсерлер - қоғамның ағартушы бөлігі, олар беделі мен талантының арқасында үлгі болуға тиіс. "Онлайн платформалар туралы" заңға сәйкес табыс табатын инфленсерлер кәсіпкер ретінде тіркелуге, өз парақшасындағы жарнамаларды белгілеуге міндетті", - деді ол.

Депутат бұл бағытта мынадай ұсыныстар жасады:

1. Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтау мәселесі бойынша блогерлер арасында кең ауқымды түсіндіру жұмысын ұйымдастыру;
2. Инфлюенсерлердің кірісін кәсіпкерлік қызметке жатқызудың нақты критерийлерін әзірлеу;
3. Заңсыз әрекеттерді болдырмау үшін әлеуметтік желілерде ұтыс ойындары өткізілуіне бақылауды күшейту. 

Бұған дейінгі жағдай

Еске салайық, бұған дейін қазақстандық блогерлерге 53 млрд теңге төлеуге бір ай уақыт берілді. Мемлекеттік кірістер комитеті мәліметінше, 594 адам кірісін жалпы сомасы 53,3 миллиард теңгеге төмендеткен. Енді блогерлер нақтыланған салық есебін тапсырып, салық төлеуі керек немесе 30 жұмыс күні ішінде түсініктеме беруі қажет.

Бұған дейін Мемлекеттік кірістер комитеті Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Дина Құсайынова салық органдарына қазақстандықтардан шағым түскенін мәлімдеді. Ол блогерлерге хабарламалар 2025 жылғы ақпанда 2022 және 2023 жылдардағы деректерді талдау нәтижесінде жіберілгенін айтты.

Мемлекеттік кірістер комитеті бұдан кейін де әлеуметтік желілерде тарап кеткен блогерлердің тізімі мен олардың табысы туралы ақпаратқа пікір білдіріп, бұл тізім ресми құжат емес екенін және жүргізіліп жатқан салық тексерісіне қатысы жоқ екенін айтты.

Артынша Мемлекеттік кірістер комитеті блогерлерге қатысты тағы бір мәлімдеме жасап, 19 ақпанда жалпы сомасы 9,8 млрд. теңгеге 93 блогерге жіберілген 169 хабарлама кері қайтарылғанын хабарлады. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget