Кейбір адамдар жеміс-жидекті жуған кезде суға сода қосса, енді бірі жәй ғана салқын суға шайып алады. Жеміс-жидекті жуғанда суға сода қосу қаншалық дұрыс екенін және оларды қалай дұрыс жуу керегін анықтап көрейік.
Жеміс-жидекті толық тазалау үшін сода қолданудың өз артықшылықтары бар. Сода - өнімнің бетіндегі пестицид пен кірді кетіруге көмектесетін табиғи тазартқыш. Массачусетс штатындағы пестицидтерді талдау зертханасы алмаға зерттеу жүргізіп, судың пестицидтерді толық кетіре алмайтынын анықтады. Ғалымдардың айтуынша, зиянды заттардың қалдықтарынан жемістерді сода ерітіндісіне бірнеше уақыт қалдыру арқылы құтылуға болады.
Пестицид деген не?
Пестицид - бұл улы зат. Пестицид ауылшаруашылық өсімдіктерін жәндіктер мен көгеруден қорғау үшін қолданылады. Дегенмен, оның құрамындағы элементтер зиянкестер үшін ғана емес, адамдар үшін де қауіпті. Пестицид адам ағзасына көп мөлшерде түсетін болса, жүйке және репродуктивті жүйеде мәселе тудырады.
Сондықтан, жеміс-жидек, көкөністерді жемес бұрын, оларды жақсылап жуып алу керек.
Жеміс-жидектер мен көкөністерді қалай дұрыс жуу керек?
500 миллилитр суға 1 шай қасық сода қосып жақсылап араластырыңыз, жемістерді сода қосылған суға 15-20 минутқа жібітіп қойыңыз. Кейін бәрін сумен шайып, табиғи жолмен немесе майлықпен құрғатыңыз. Жуылған өнімді тоңазытқышта сақтау керек.
Тіпті жемістің қабығын ашимын деп жоспарласаңыз да, оларды сода қосылған сумен жуған дұрыс. Себебі өнімнің қабығын ашу кезінде пестицидтер ішіне ауысуы мүмкін.
Ал жеміс-жидекті қайнатып не пісіретін болсаңыз, сода қосылған суда жібітпеуге рұқсат етіледі. Алайда су бірінші рет қайнаған кезде оны ауыстырған жөн.
Айта кетейік, бұған дейін дүкеннен әкелген азық-түлікті қалай дезинфекциялауға болатыны хабарланған болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: 20 минут ережесі деген не?
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!