Жеміс-жидекті қысқа сақтау үшін тұрғындар қант қосылған тосап, қайнатпа жасайтын. Қазір қанттың қымбаттауы мен тапшылығынан және оның денсаулыққа зиянынан адамдар басқа балама тәсілдерді қолдануға көшті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жеміс-жидекті төмендегі жолдармен қантсыз сақтауға болады:
1. Маусымдық жеміс-жидектерді блендермен езіп, арнайы пакетке салып, мұздатқышта қатырып алу керек. Кейін қант арзандағанда жібітіп, қайнатып аласыз. Қыста қантсыз-ақ, шайға қосуға, кондитерлік өнімдерге салма ретінде пайдалануға болады.
2. Жеміс-жидектерден бал қосылған тосап жасап алыңыз. Балдың тәттілігі мен консистенциясы жоғары болғандықтан көп мөлшерде қосудың қажеті жоқ.
3. Лимон қосылған қайнатпа жасауға болады. Алғаш естігенде көп адам лимон ащы, қышқыл ғой, қалай тосап қайнатуға болады деп таңданады. Жеке тәжірибемде бір шай қасық лимон суын қосып, жеміс-жидекті бірнеше рет қайнатып, пайдалы әрі тәтті тосап жасағанмын.
4. Цитрус жемістерден иммунитетке пайдалы қоспа жасауға кеңес беремін. Апельсин, лимон, зімбірді езіп, сумен араластырып, қайнатып, қысқа сақтауға болады. Мұны тұмауратқанда дәрі ретінде қолдануға болады.
5. Құлпынай, таңқурай сияқты тәтті жемістерді қант қоспай-ақ, қайнатып, банкада сақтай беріңіз. Ал алма, шие сияқты қышқыл дәмі бар жемістерді тәтті жемістермен араластырып қайнатсаңыз, қанттың қажеті де жоқ. Бананның құрамында глюкоза болғандықтан жеке өзін қайнатып тосап жасауға немесе басқа жемістерге тәтті дәм беру үшін қосуға болады.
6. Жеміс-жидекті тек тосап ретінде емес, құрғатып та сақтауға болады. Алма, өрікті тазалап, кептіріп қақ жасап, қыста компот қайнатуға болады.
7. Үйдегілер компотты ұнатпаса, жеміс-жидектерді кептіріп, қытырлақ чипсы дайындауға болады. Бұл, әсіресе, балалардың сүйікті асы. Кептірілген жемістерді асүйде декор ретінде қолдану да жақсы идея. Ас бөлмеге иіс пен көрік беріп тұрады.
8. Жеміс-жидекті қантсыз қайнатып, белгілі бір формаға келтіріп кептіруге болады. Мұны "пастила" деп атайды. Бұл да шығынсыз, зиянсыз және балаларға беруге ыңғайлы.
9. Егер салқын сусынды жақсы көретіндер болса, мұз түйіршіктерін жасауға болады. Мұз қатыратын ыдысқа балғын жемістерді салып, үстіне су құйып, мұздатқышқа қатырып қойыңыз. Кейін сусын дайындағанда осы мұз түйіршіктерін пайдалануға болады.
10. Компот пен морс дайындау да аса қиын емес. Жеміс-жидектің компотын банкаға жауып, қысқа сақтаңыз. Кепкен қақтан жасалған компотқа қарағанда дәмі мен иісі сақталады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!