Жемқорлық туралы хабарлаған қазақстандықтар сыйақы алды

Қазақстанда жемқорлыққа қарсы күреске белсенді қатысқан 76 азамат мемлекеттен сыйақы алды. Жалпы сыйақы сомасы шамамен 29 млн теңгені құрады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 31-арнаға сілтеме жасап.

Антикоррупция қызметінің ресми өкілі Данияр Бигайдаровтың айтуынша, жемқорлық фактілері туралы ақпарат бергендерге берілетін сыйақы көлемі қаржының 10 пайызға дейінгі бөлігін құрайды, бірақ бұл сома 4000 АЕК-тен (14,7 млн теңге) аспайды.

"Биыл 76 азамат марапатталды, олардың ішінде 33 мемлекеттік қызметші бар. Мұндай ынталандырулар азаматтардың жемқорлыққа қарсы күресте белсенді болуына және қоғамның құқықтық санасының қалыптасуына ықпал етеді", – деді Бигайдаров.

Айта кетейік, осы жылы Антикоррупциялық қызметке 20 мыңнан астам хабарлама түскен. Бұл көрсеткіш азаматтардың жемқорлықты әшкерелеуге және заңбұзушылықтарды тоқтатуға деген белсенділігінің артқанын көрсетеді.

Бұған дейін сыбайлас жемқорлық бойынша рейтингті жариялаған едік. Тізімде әкімдіктер көш бастап тұр.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!