- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Жемқорлық ескерткіші". Талдықорғандағы...
"Жемқорлық ескерткіші". Талдықорғандағы бос қалған үйлерге қатысты не белгілі?
Желіде Талдықорғандағы бос қалған коттедж қалашығының видеосы пайда болды. Кадрларда кей үйлердің терезесі жоғы, ал қалашықта жан мекендемейтіні көрінеді. Massaget.kz тілшісі бұл мәселеге қатысты Талдықорған әкімдігі өкілдеріне сауал жолдады.
"Мына үйлер үкіметтің ақшасына салынған. Ешкім тұрмайды екен. Зират сияқты. Үкіметтің ақшасын жеген ғой. Бұл үйлерде тұру мүмкін емес дейді. Картон сияқты дейді. Қурай өсіп, адамдар бәрін тастап кеткен. Қайран ақшамыз-ай. Ана үйлердің керегелерін құлатып тастапты тіптен", - дейді желіде жарияланған видеодағы әйел.
Талдықорғанның құрылыс бөлімі Massaget.kz тілшісіне әлеуметтік желідегі пайда болған видеоға қатысты пікір білдірді. Олар видеодағы бос қалған "Береке" коттедж қалашығында кредиттік және жалға берілетін үйлердің құрылысы 2018 жылы басталғанын айтты.
"Коттедж қалашығында 577 коттедж салу жоспарланған. Бүгінгі таңда 577 коттедждің, 373-і пайдалануға берілді. Бүгінгі күнге жалпы ауданы 18,6 мың шаршы метр болатын 204 үйдің құрылысы аяқталған жоқ. Құрылыс-монтаждау жұмыстарына келісім-шартты "ПМК-7К" ЖШС мердігерлік ұйымы жүргізген", - делінген жауапта.
Ведомство мәліметінше, 2022 жылғы қыркүйекте мердігерлік ұйыммен жасалған шарттар біржақты тәртіппен бұзылды. Шарттарды бұзғаннан кейін Жетісу облысының арнайы прокурорлары бюджет қаражатын ұрлау дерегі бойынша сотқаалды тергеп-тексеруді бастады және сот үкімі бар.
"Қазір ақаулы актіге сәйкес жұмыстың қалдық түрлеріне қайта есептеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоба ведомстводан тыс сараптама порталына жүктелген. Сараптама қорытындысын алудың алдын ала мерзімі 2024 жылғы шілденің аяғына дейін жоспарланған. Сараптама қорытындысы алынғанан кейін құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтауға конкурс жарияланатын болады", - делінген жауапта.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек