- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Сыбайлас жемқорлық туралы
Жемқорларды ұстауға көмектескендер қалай қорғалады?
Жемқорлық туралы хабарлаған азаматтар қорғала ма? Оларға қандай да бір сыйақы беріле ме? Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Massaget.kz тілшісі жолдаған ресми сауалға жауап берді.
Жемқорларды "ұстап бергендер" қалай қорғалады?
Ресми жауапқа сүйенсек, жемқорлық туралы хабарлаған, басқа да тәсілмен көмектескен адам Қылмыстық-процестік кодекске, Еңбек кодексіне, "Қылмыстық процеске қатысатын адамдарды мемлекеттік қорғау туралы" заңға сәйкес мемлекеттің қорғауында болады:
- мұндай адамды мемлекеттік органдар сыбайлас жемқорлық туралы хабарды қабылдаған күннен бастап үш жыл ішінде қорғайды. Сонымен қатар агенттікке қылмысты ашуға көмектескен сәттен бастап еңбек қатынастары саласындағы құқығы мен заңды мүдделері бұзылудан қорғайды;
- бұл адаммен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсеткені туралы ақпаратты жария етпеу туралы келісім болған кезде ақпараттың құпиялығын қамтамасыз ету.
depositphotos.com
Жемқорлық туралы хабарлаған қанша адам сыйақы алды?
Жемқорлық дерегі туралы хабарлаған адам Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен көтермеленеді.
Антикордың ресми жауабына сүйенсек, 2024 жылғы 10 айда жалпы сомасы 31 317,3 миллион теңгеге 87 азамат көтермеленген.
Сондай-ақ 36 мемлекеттік қызметшіге (87-ден) грамоталар берілген.
Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов
Айта кетейік, бұған дейін де Қазақстанда жемқорлыққа қарсы күреске белсенді қатысқан 76 азамат мемлекеттен сыйақы алғаны хабарланды. Жалпы сыйақы сомасы шамамен 29 миллион теңге болды.
Анықтама: ашық дереккөз мәліметінше, Қазақстан 2023 жылдың қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлық рейтингінде 180 елдің ішінде 93-орында тұр. Қазақстанда көп тараған сыбайлас жемқорлық қылмысына пара алу, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе жымқыру, алаяқтық және лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалану кіреді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова