Осыдан бір жарым ай бұрын ғана Үкімет басшысының орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев сыбайлас жемқорлардан 100 млрд теңге тәркіленгенін мәлімдеген. Ал бүгін сол сома 120 млрд теңгеге жеткенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жамаубаевтың сөзіне қарағанда, коррупциядан тәркіленген қаржыны салатын арнайы шот ашылған. Ондағы ақша еліміздің білім саласын дамытуға жұмсалады.
"Қазір бұл шотқа шамамен 120 миллиард теңге жинақталды. Осы орайда, Оқу-ағарту министрлігінен өтініштер күтіп отырмыз. Яғни, бірінші кезекте тиісті мектептер жөнделеді. Бұл тұрғыда үш ауысымда оқытатын білім ошақтарына баса назар аударылады. Өйткені, бірінші кезекте соларды қамту керек. Сонымен қатар осындай мектептерді кеңейту үшін жапсарлас нысандар салыну қажет", - деді Е.Жамаубаев.
Оның айтуынша, қазіргі кезде өтінімдерді қабылдау процесі жүзеге асырылып жатыр.
"Тиісті тізім жасалғаннан кейін, оны республикалық бюджет комиссиясына енгіземіз. Осы іс-шаралардан соң, қаражатты өңірлерге тарататын боламыз", - деді Қаржы министрі.
Осыған дейін Президент сыбайлас жемқорлық істері аясында тәркіленген қаражатты арнайы шотта жинақтауды тапсырған болатын жауапты шенеуніктерге. Ол бұл қаражаттың білім беру инфрақұрылымын дамытуға бағытталатынын да ескерткен.
Азамат Қойшығара
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!