Қазақстанда Тәуелсіздік күні енді бір күн - 16 желтоқсанда тойланады. Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы жаңартылған заң жарияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жарияланған құжатқа сәйкес, енді Тәуелсіздік күні 16 желтоқсанда бір күн ғана тойланады (бұрынғы редакцияда - 16-17 желтоқсан).
Сондай-ақ, 25 қазанда мемлекеттік мереке – Республика күні атап өтіледі.
"Осыған байланысты мереке күндері жұмыс уақытын тиімді пайдалану мақсатында қаулыны толықтыру ұсынылады, онда демалыс күнін 22 қазан сенбіден 24 қазан дүйсенбіге ауыстыру жоспарланған", - делінген заң жобасында.
Осылайша, 22 қазан, сенбі жұмыс күні болып, Республика күні қазақстандықтар 3 күн демалады: 23, 24 және 25 қазан.
Сондай-ақ, Қазақстанда Тұңғыш Президент күні мемлекеттік мереке мәртебесінен айырылды. Сәйкесінше, 1 желтоқсанда қазақстандықтар жұмыс істейді.