- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Желтоқсанда 50-ге толар...
"Желтоқсанда 50-ге толар еді". Оралда басына кірпіш түсіп, мерт болған әйелге қатысты жаңа деректер айтылды
Оралдық полицейлер, басына кірпіш түсіп, көз жұмған қала тұрғынының өліміне кінәлілерді іздеп жатыр. Жаяу жүргіншілер жолында кетіп бара жатқан 50 жастағы әйелдің басына кірпіш құлаған. Сол сәтте тіл тартпай кеткен марқұм саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған екен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
"Педколледже сабақ беріп жүрген. Жүгіріп жүрген оқытушы, ауырған жоқ, жатқан жоқ. Басына кірпіш құлағанда сол жерде жан тапсырған деп естідік, жанымыз түршікті", - дейді марқұмның әріптесі Шалқыма Құрманалина.
Бүгін педагогика колледжінде аяулы ұстаз Гүлнәр Нұрашевамен қоштасу өтті. Директордың орынбасары қызметін атқарған ол желтоқсан айында 50 жасқа толады екен. Полиция оқиға тапа-тал түсте қаланың орталық көшесінде болғанын айтады. Төрт қабатты бірнеше үйдің жанынан жаяу жүргіншілер жолы өтеді екен. Бірақ Гүлнәр Нұрашева қаланың басқа шетінде тұрады. Бұл жерге жеке шаруасымен барған. Сол жерден өте бергенде шатырдан басынан кірпіш құлап түскен. 1960 жылдары салынып, ешқашан күрделі жөндеу көрмеген үйдің шатырында кірпіштер шашылып жатқан. Оны біреу әдейі лақтырды ма, әлде өздігінен құлады ма, оны полиция анықтайды.
"Осы үйлерде орналасқан дүкен, ломбард қызметкерлері бұған дейін де талай кірпіш құлағанын айтады. Әйтеуір адам аман болатын. Енді, міне, адам ажал құшты. Қазір қылмыстық іс қозғалып, сот медициналық сараптама тағайындалды", - дейді Орал қаласы Абай полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Аслан Аймұханов.
Еске салайық, 26 қарашада Оралда басына кірпіш құлаған әйел мерт болғаны хабарланған еді. Қайғылы оқиға 26 қарашада сағат 14.35-те Достық даңғылындағы 236 үйдің жанынан өтіп бара жатқанда болған. Әйел адам оқиға орнында мерт болған.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина