1986 жылы Желтоқсан оқиғасына қатысқан қаһарман қыз Күлімхан Өскенбаева бүгін өмірден озды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Желтоқсан көтерілісінің қаһарман қызы Күлімхан Өскенбаевадан (Усканбаева) да айырылып қалдық. 1986 жылы осы күндерде алған жарақаттың соңы 37 жылдан соң өзі әкелген Тәуелсіздік мерекесін, яғни, дәл бүгінгі таңды ажал оғымен қарсы алуға мәжбүрлейді деп кім ойлаған", - деп жазды Патриоттық қозғалыс "Желтоқсан ақиқаты" Қоғамдық Бірлестігі мүшесі Аманғазы Кәріпжан Facebook-парақшасында.
Күлімхан Өскенбаева - Желтоқсан көтерілісіне қатысқан жастың бірі, ІІ-топтағы мүгедек, "Желтоқсан ақиқаты" патриоттық қозғалысының белсенді мүшесі болған. Аманғазы Кәріпжанның айтуынша, 2008 жылы Патриоттық қозғалыс "Желтоқсан ақиқаты" Қоғамдық Бірлестігі құрылған кезде шаруаның басым бөлігі кеңсе жұмысындағы Күлімхан Өскенбаева жауапкершілігінде болған.
"Кейін сол сырқатына байланысты қоғамдық істерден қол үзуге мәжбүр болды. Екінші топ мүгедегі атанды. Ұлттың ертеңгі азаттығы үшін атойлап алаңға шыққа алдаспан қызымыздың ақтық демі де тауысылған екен. Амал не?! Жаратқан алдыңнан жарылқап, жаның жәннатта болсын!, - деп жазды ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!