Танымал продюсер Баян Алагөзова Instagram-парақшасында "Мәншүк" телесериалын сынағандарға жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол әдебиеттанушы ғалым Мақсат Тәж-Мұраттың мақаласына қатысты пікір білдірген.
"Құрметті Мақсат Тәж-Мұрат мырза! "Түркістан" газетінде жарияланған сіздің сыни мақалаңызбен аудартып алып, егжей-тегжейлі танысып шықтым. Үлкен ізденіс пен тарихқа деген адалдығыңыз үшін алғыс айтамын. Сіздей азаматтар Желтоқсан не Жаңаөзен оқиғасын зерттесе, қандай пайдалы іс болар еді деп ойлап отырмын. Мен - батыстың, Мәншүк Мәметова туып-өскен Оралдың қызымын. Апамыздың ескерткіштеріне қарап, оның ерлігі мен өжеттігін үлгі етіп бой жеткен қазақтың қызымын. Ол жайлы туынды түсіру бірнеше жылғы арманым болғанын да жасырмаймын. Небір қиындыққа қарамай, осы фильмді көрерменге жеткізе алғаныма қуаныштымын", - дейді ол.
Сондай-ақ, ол туындыны түсіру барысында зерттеу еңбектер мен көркем шығармалар басшылыққа алынғанын айтқан.
"Енді сынға келетін болсақ. Біз бірде бір "пресс-конференция не релизде деректі фильм түсіріп жатырмыз" деп жариялаған жоқпыз, "100 пайыз тарихи шежіре дайындаймыз" деп те хабарламадық. Көркем фильм, жалпы көркем шығарма деген дүниенің жанрлық ерекшелігі - автордың қиялына ерік бере білуінде. Сіздің Мәншүк биязы, қой аузынан шөп алмайтын, талдырмаш ару болса, біздің Мәншүк - ақтық шайқаста шімірікпестен 70 адамды өлтіре алатын Мәншүк - қайсар да, өжет, батыр да, батыл жауынгер. Өзін, өзінің пікірін қорғай алмайтын адам Кеңес Одағының батыры болуы мүмкін емес-ау. М.Мәметова жайлы бірнеше зерттеуді, биографиялық естелік пен көркем шығарманы түгел оқып шықтық. Арасынан бізге келіңкірейтін эпизодтарды алдық, кейбір оқиға мен кейіпкерді ойдан құрастырдық. Басты мақсат - өскелең ұрпақ қызыға тамашалайтын, отансүйгіштік пен достыққа, сенім мен сезімге толы ерекше дүние жасау. Көрерменнің қызығушылығы мен белсенді талқылауы - сол мақсатқа жеткеніміздің дәлелі деп білемін", - деп жазған продюсер Желіде.
Айта кетейік, ол былтыр маусымда кино түсірілімі басталатынын айтқан болатын.
"Армандар орындалады. Жақында компаниямыз Мәншүк Мәметова туралы сериалдың түсіріліміне кіріседі", - деген еді ол Желіде.
Ал кейінірек туынды Қазақстаннан тыс жерде де түсіріліп жатқанын айтқан еді.
Телехикая 4 апта бұрын көрерменге жол тартқан. 1-бөлімін 1 миллион 500 мыңға жуық адам көрген.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!