Әлеуметтік желілер арқылы танымал болған имам Қабылбек Әліпбайұлы талқыға түскен сөздері туралы түсініктеме беріп, қазақ тілі туралы пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жақында имам Қабылбек Әліпбайұлының "қазақ тіліндегі сөздердің 70 пайызы араб тілінен келген" деген пікірі қызу талқыға түскен болатын. Имам осы айтқандарына қатысты анықтама беріп, айтпақ болған ойын адамдар дұрыс түсінбегенін айтты.
"Ассалаумағалейкүм, қазақ елі. Қазір сапарлап жүр едім. Бірақ мынау әлеуметтік желіде қазақ тілінің 70% сөзі арабтардан кірген деген мәселе талқыланып жатқанын көріп жатырмын. Оны қолдап, дұрыс мағынада түсінуге шақырып жатқан кісілерге Алла разы болсын. Жалпы ол жерде мен қазақ тілінде араб тілінен енген кірме сөздердің бар екенін айттым. Соның ішінде діни біліміміз бен құлшылық жасауымызға қатысты сөздің 70 пайызы арабтан енгенін айттым. Ол жерде мен осы туралы меңзеген едім. Жалпылама қазақ тілінің лексикасына қатысты мәселе емес. Біздің қазақ тілінің бай тіл екені белгілі. Оны мақтанып айтып жүреміз. Мысалы, ұстаз, мешіт, медресе секілді арабтың сөздері құлшылық жасауға қатысты кірме сөз қатарына енгенін айттым. Намаз деген сөз парсы тілінен енген. Сол секілді құлшылыққа қатысты кей сөздер түрік тілінен де енген. Осылайша, құлшылықта қолданып жүрген сөзіміздің 70 пайызы араб тілінен енгенін айттым. Құрметті қазақ елі, соны дұрыс түсінуге тырысайық. Олай сөзді бұрмаламауға шақырамын. Біздің қазақ тілі - өте бай тіл", - деді ол.
Еске салайық, Қабылбек Әліпбайұлы Жұмабеков - әлеуметтік желіде миллионға жуық оқырманы бар танымал имам, ұстаз. Оның "Жан Ұясы" атты кітабы жарық көрген.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!