65 жастағы Айсәуле-апа әлеуметтік желілерде қызу талқыға түскен болатын. Әжейдің Алматыдағы көшелердің бірін тазалық бригадасымен жинап жүрген видеосы тараған еді. Бүгінде алматылық зейнеткерге жаңа үй берілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сол күннен бастап бір апта ғана өтсе де, бұл отбасының өмірі күрт өзгерді. Зейнеткердің оқиғасы қазақстандықтарды дүр сілкіндірді, еліміздің түкпір-түкпірінен келген адамдар бұл отбасына көмектесуге шешім қабылдады. Атап айтқанда, Айсәуле-апаның несиелері толығымен жабылды. Сондай-ақ қайырымдылық қорынан сыйлық ретінде жаңа үй берілді.
Осы уақытқа дейін Айсауле-апа, оның ұлы мен әйелі және олардың бес баласы – Шамалған станциясында тұрды. Олардың айтуынша, бұл үйді несиеге алған ақшаға салған, бірақ толық тұрғызуға қаражат жеткіліксіз болыпты. Сол үшін дәретхана сыртта, су құбыры жоқ, жер еденде, қабырғалары жарылған үйде тұрып жатты. Станцияда мектеп болмағандықтан, балалар күн сайын басқа ауылға оқуға баруға мәжбүр болды. Ал оларды тасымалдауға көп ақша жұмсалды.
15 тамызда Айсәуле-апа отбасымен бірге Алғабас ауданындағы сыйға тартылған жаңа үйге көшті. Мұнда балалар білім алатын мектеп бар.
Меншік иесі қордан хабарласып, үйді кім үшін сатып алатынын айтқан кезде үлкен жеңілдік жасады.
Айсәуле-апа үйдің кілтін алған кезде көз жасына ерік берді.
Үйдің іші бос, әлі байланыс желісі орнатылмаған. Дегенмен, үй жылы, жаңа және ыңғайлы. Төрт бөлмелі үйде ас үй және жуынатын бөлме бар. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жиһазбен, техникамен және байланыс құрылғыларын орнатуға өзге адамдар да көмектесуге уәде берді.
Журналистермен әңгіме барысында Айсәуле-апа бұдан былай жұмыс істемейтінін, несие алмайтынына уәде берді.
"Мен үйде балалармен отырамын, ал ұлым мен келінім жұмыс істейді", - деді ол.
Айсәуле-апаны Алматы көшелерінде жұмыс істеп жүрген кезінде 20 жастағы Жансая оған бей-жай қарамаған. Қазақстандықтардың бұл қарияға қамқор болып, көмек қолын созуына Жансая себепкер болды.
"Бірде көшеде сыпырушы болып жұмыс істейтін әжемді байқадым. Оның жұмысы өте қиын болды. Аяғы ақсап, қозғалуы қиынға соқты. Мен оны аядым. Сосын достарыма осылай жұмыс істейтін адамдар бар екенін көрсету үшін видеоға түсірдім. Ал біз , жастар, кондиционер, тамақ - жағдайы жасалған кеңседе жұмыста отырып шағымданамыз. Кейін түсірген видеоны TikTok желісіне жарияладым. Онда менің 40-50 ғана оқырманым бар еді, оның өзі таныстарым мен достарым ғана. Бірақ видео көпке таралып, біраз адам әжеге көмектесуге қолдау білдіре бастады", – дейді Жансая.
Жансаяның Айсәуле апаға жанашырлығы әлеуметтік желілерде видео жариялаумен ғана шектелмеген.
"Осы видео таралғаннан кейін кейбір жалған аккаунттардың өз пайдасы үшін қаражат жинай бастағанын көріп, мұны өзім ұйымдастыруды шештім. Жинақ картасын ашып, TikTok-та реквизиттерді жарияладым. Адамдар қаражат жібере бастады – біреу 150 теңге, біреу 2000 теңге. Нәтижесінде, біз 815 000 теңге жинадық. Ақшаны әжеге бергенімде, ол қатты қуанды және қуаныштан жылап жіберді. Осы ақшаға несиені жауып, үйде демалатынын айтты", - деді Жансая.
Жансая жастарға әлеуметтік желілер тек көңіл көтеру үшін ғана емес, сонымен қатар шын мәнінде осындай пайдасы бар екенін көрсеткісі келетінін атап өтті.
"Мен мұқтаж адамдарға көмектесу тек тренд емес, кез келген жаста жасай алатын маңызды нәрсе екенін көрсеткім келді. Жастар көбінесе мағынасы жоқ трендтерді ұнатады, мен күш-жігерімді нақты көмекке бағыттауға болатындығын көрсеткім келді. Бүгін әжеге үй берілгенде, көптен күткен үмітіміздің, жұмсалған күш-жігеріміздің ақталғанын сезіндім. Бұл жай ғана қайырымдылық әрекеті емес, адамдардың өмірін жақсы жаққа қалай өзгерте алатынымыздың нақты мысалы болды", – деп қорытындылады ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!