Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатқан суретке қатысты сұраққа жауап берді. Суретте қолында сәбиі, арқасында курьер қызметінің үлкен сөмкесі бар әйел көшеде кетіп бара жатқаны көрінеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Брифингте журналистер Виктория Шегайдан бұл суретті көрген-көрмегенін және "декрет демалысындағы әйел курьер болып жұмыс істеуге мәжбүр болуы қалыпты жағдай ма?" деп сұрады.
"Суретке келетін болсақ, бұл мәселеге пікір білдіруге құзыретім жетпейді. Біріншіден, бұл сурет нақты қай жерде түсірілгенін және қай қала туралы сөз болып жатқанын білмеймін. Екіншіден, мәселе бала күтімі бойынша декреттегі ана не істеуі керек екеніне қатысты болса, бұл отбасылық бюджет пен отбасылық мәселе деп ойлаймын. Сондықтан бұл жерде өз тарапымнан пікір білдіру дұрыс емес", - деп жауап берді Виктория Шегай.
Журналистердің айтуынша, сурет Алматыда түсірілген. Желі қолданушылары бірнеше күн бойы әйелді іздеген. Әзірге нақты ақпарат белгісіз.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз