- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Желіде вакцина салдырмағандар...
Желіде вакцина салдырмағандар қатерлі ісікке шалдықпайтыны туралы ақпарат тарады
Қазнетте танымал конспиролог Юстас Маллинздің вакцина салдырмаған адамдар қатерлі ісік ауруына шалдықпайтыны туралы айтқаны тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Stopfake.kz сайтына сілтеме жасап.
Эстас Маллинз - холокостты жоққа шығаратын, құпия әлемдік үкімет туралы теорияларды жақтайтын танымал конспиролог әрі антисемит. Ол 2010 жылы қайтыс болған. Басылым мәліметінше, оның COVID-19-ға қарсы вакциналар туралы айтуы екіталай. Демек, Маллинз сол кездегі иммундауға арналған басқа препараттар жайлы айтқан.
Олардың қатерлі ісік ауруының дамуына ықпал ететініне ешқандай дәлел жоқ. Ғалымдар вакцинация мен онкологиялық аурулардың дамуы арасындағы ықтимал байланыс деген тақырыпта зерттеулер жүргізген.
2007 жылғы желтоқсанда балалардағы лейкемия мен вакцинация арасындағы байланыс туралы зерттеу нәтижелері жарияланған. Ғалымдар 1991-1994 жылдар аралығында Аустралияның бес ірі аймағында лейкемия диагнозы қойылған нөлден 14 жасқа дейінгі балалардың медициналық тарихы мен анамнезін қараған.
Зерттеу нәтижелерінде былай жазылған: "Балалардағы лейкемия мен тараған вакциналар, оның ішінде, қызылша, паротит және қызамық (MMR), дифтерия, сіреспе және көкжөтел (ACDS), полиомиелит, гепатит немесе Кальметт-Герен бациллалары (BCG) вакциналарына әсері арасында байланыс табылған жоқ".
Кейінірек Қатерлі ісік ауруын зерттеу институты вакциналардың кейбір түрлері вирустардан туындаған қатерлі ісік ауруының пайда болу ықтималдығын едәуір төмендететіні туралы ақпарат жариялаған. Олардың қатарына Эпштейн-Барр вирусы, адам папилломасы вирусы, В гепатиті, АИТВ, адамның Т-лимфотропты вирусы, С гепатиті вирусы (СВГ) және Меркель жасушаларының полиомавирусы жатады.
2021 жылы лейкемия мен вакцинацияның өзара байланысы туралы 35 ғылыми мақаланың мета-талдауы жарияланды. Ғалымдардың қорытындысы вакциналар балаларда лейкемия қаупін арттырмай, азайтады деген болжамды растаған.
Қатерлі ісікпен ауыратын адамдар денсаулығына байланысты вакциналардың белгілі бір түрлерін салдыра алмайтыны да маңызды. 2015 жылы АҚШ-та қызылшаға қарсы вакцинация тақырыбында қызу пікірталас өткен.
Вакцинацияға қарсы адамдардың екпеден көптеп бас тартуының салдарынан қатерлі ісік ауруымен ауыратын балалар ауру жұқтыру қаупіне ұшыраған.
Stopfake.kz осыған ұқсас тезисті жоққа шығарған. Ол кезде Қазнет қолданушылары арасында онколог Владимир Поляковтың "вакцинацияланбаған адамдар арасында қатерлі ісік ауруы болғанын көрмеппін" деген мәлімдемесі тараған болатын. Ол іс жүзінде вакцинацияны жақтаған және оның бұлай айтқанына ешқандай дәлел жоқ.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова