- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Желіде вакцина салдырған...
Желіде вакцина салдырған ұшқыштардың денсаулығы сыр бергені туралы ақпарат тарады
Telegram-арналарда Еуропарламент депутаты Кристина Андерсен сөйлеген сәттің бейнежазбасы тарады. Ол COVID-19-ға қарсы вакцина салдырған ұшқыштардың көпшілігі денсаулығына байланысты енді ұша алмайтынын айтқан. Оның сөзінше, әуекомпаниялары вакцина салдырмағаны үшін бұрын жұмысқа жіберілмеген ұшқыштарды жұмысқа тартып жатыр. Алайда мұның бәрі өтірік. Оны Stopfake.kz фактчекерлері анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кристина Андерсен - 2019 жылдан бері Еуропалық парламент депутаты. Ол вакцинация мен карантин шектеулеріне қарсы адам. Бұған дейін ол вакцинация паспорттарын енгізуге қарсылық танытқан және COVID-19-ға қарсы вакцина денсаулыққа қауіпті деп мәлімдеген. Оның мәлімдемесін фактчекерлер жоққа шығарған болатын.
Бұл жолы Кристина Андерсен жақын арада қауіпсіз ұшу мүмкін емес болатынын мәлімдеген. Оның сөзінше, бұған дейін COVID-19-ға қарсы вакцина салдырған ұшқыштар денсаулығына байланысты ұша алмайды, ал әуекомпаниялары бұрын вакцина салдырудан бас тартқаны үшін жұмыстан шеттетілген ұшқыштарды белсенді түрде жұмысқа қабылдап жатыр.
Айта кетейік, депутат бұл оқиғалар болған елдерді, әуекомпанияларын атап, нақты сандар келтірмеген. Соған қарамастан, оның видеосы Желіде, әсіресе Испанияда кең тарап, фактчекерлердің назарына іліккен.
Newtral.es порталының мәліметінше, әуекомпанияларына жұмысқа қабылдау кезінде талапкерлерден вакцина мәртебесі туралы сұрауға тыйым салынады. Сондай-ақ, фактчекерлердің айтуынша, Испания авиакомпаниялар одағы (SEPLA) және авиакомпаниялар қауымдастығы (ALA) "вакцина алған ұшқыштардың көпшілігі денсаулығы күрт нашарлауына байланысты енді ұша алмайды" деген қауесетті жоққа шығарған.
COVID-19-ға қарсы вакцина салдырған ұшқыштар жұмыс істей алмайтыны туралы ақпарат Желіде көптен бері тарап келе жатыр. Мысалы, 2021 жылғы маусымда Желі қолданушылары British Airways авиакомпаниясының ұшқыштарының тек 10 пайызының жаппай вакцина науқанынан кейін ұшуға денсаулығы жақсы екенін жазған. Reuters агенттігі мәліметінше, мұндай қауесеттер мүлдем шындыққа жанаспайды.
Бір айдан кейін, яғни 2021 жылғы шілдеде әлеуметтік желілерде Канадада барлық вакцина салдырған ұшқышқа ұшуға тыйым салынатыны туралы жалған ақпарат тараған. Оны PolitiFact порталы жоққа шығарған.
Былтыр қарашада АҚШ-та Желі қолданушылары American Airlines ұшқыштары ұшып келе жатып, көз жұмғанын жазған. Бұл ақпаратты USA Today порталы жоққа шығарды.
Биыл сәуірде Желіде ұшқыштардың 30 пайызы COVID-19-ға қарсы вакциналардың жағымсыз әсеріне байланысты медициналық тексерістен өте алмайтыны туралы жалған ақпарат тарады. Демек, депутат Кристина Андерсеннің вакцина салдырған ұшқыштар денсаулығына байланысты ұша алмайды деген сөзіне сенуге негіз жоқ. Бұл - вакцинацияға қарсы адамдар арасында танымал тағы бір фейк.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова