Бармағынан бал тамған, он саусағынан өнер төгілген шебер Аяжан Арқашева 17 жаста кәсібін дөңгелетіп отыр. Бойжеткен ұлттық үлгідегі киімдерді заманауи стильге икемдеп, оны әлеуметтік желі арқылы танытып жүр. Massaget.kz тілшісі қыздар арасында хитке айналған корсеттердің авторымен сұхбаттасып, шебердің қазақ нақышындағы киімді қалай насихаттап жүргені туралы сөйлесті.
Қазақ әйелдерінің киімге деген талғамы кейінгі бес жылда күрт өзгерді. Бұрын батыстың сән үлгісіне қызыққан сұлулар қазір оюы бар ұлттық нақыштағы киімдерге басымдық береді. Желіде мұндай киімдерге тренд беріп жүрген Аяжан - Семейдегі Бизнес колледжінде модельер-конструктор мамандығының 3-курс студенті. Ол - TikTok-та тараған корсет формасының авторы.
"Менің арманым - қазақы киімдерді трендке айналдыру"
"Қазақы киімдерді тек сахнада немесе наурызда киеді деген таптаурын бар ғой. Қазір мұндай таптаурындар жойылып келе жатыр. Менің арманым - қазақы киімдерді күнде киетіндей трендке айналдыру. Қазір елімізде жастардың мұндай киімдерге қызығушылығы артып келеді. Енді ер адамдар да осындай киімдер киіп жүрсе екен деймін. Қазір сұраныс көп. 13 жасымнан қазақы киімдер трендке айналса екен дейтінмін. Бұл арманымның орындалып келе жатқанына қатты қуанамын", - дейді ол.
Аяжан 13 жасынан тігінмен айналысады. Ол бұған дейін кәжекей, шоппер, тақия тіккен.
"Тігінмен айналысып жүргеніме 4 жыл болды. 13 жасымда фетрден қазақы жилеттер, кәжекей тігіп жүрдім. Алдымен бір жыл осындай киім тіктім, кейін келесі жылы шопперлерге көштім. Өзім суретін салып, өзім сәндеймін. Ол кезде шопперлерді эко-былғарыдан алғашқылардың бірі болып тіктім. Одан кейін тақия дайындаумен айналыстым. Былтыр күзден бастап этно-корсет тіге бастадым", - дейді бойжеткен.
Аяжан қазір Желідегі танымал этно-корсеттердің қазіргі дизайнын өзі ойлап шығарған.
"Корсет тігу идеясын TikTok-тан көрдім. Алайда Желіде көрген корсеттің моделі, формасы, жасалу әдісі басқа болды. Сондай матаны жазда алып қойған едім. Кейін тақия тігемін деп ойладым. Pinterest қосымшасынан қарап, корсет формасын ойлап таптым. Оның бауы, люверстері, бантигі сынды фурнитураларын келістіріп, қазір Желіде танымал болған түрін жасап шығардым. Кейін оны TikTok-қа салдым, 400 мың қаралым жинадым. Бұдан басқа жарнамаға бердім, ол видео 1 миллион қаралым жинады. Солай бұл киім үлгісі трендке айналып кетті. Қазір, наурызда тапсырыс тіпті шарықтап кетті", - дейді шебер.
@sewing.ayokaa ??
♬ Soz Bere Almaim - ALPHA
Аяжан қазір көбіне корсет пен тақия тігеді. Ең қымбат киім - 15 мың теңге. Мұндай баға жасалу барысына, формасына және матасына байланысты өзгереді. Ал хит корсеттер - 12 мың теңге.
"Корсеттер бағасын ақтайды. Әрине, есеп-қисабын алдын ала санап, үстінен еңбегімді, уақытымды ақтайтындай мөлшерін қосып, бағасын қолжетімді етіп қойдым", - дейді Аяжан.
Шебер корсет жасау техникасын, оған қандай құрал-сайман керегін айтып берді.
"Алғашында корсет жасау мен үшін қиынға соқты. Корсеттің люверс темірлері бар ғой. Соны дайындау қиындыққа соқты. Біріншіден, Семейде мұндай темір жасайтын бір ғана адам бар. Оның үстіне, ол кісінің қанша тапсырысы бар, ұзақ уақыт күтуге тура келді. Одан басқа, корсет фурнитурасы қымбат. Сөйтіп, бір корсетті тапсырыс қабылдап, оған 3-4 күн жүгірдім. Кейін бұл жұмыстың алға басарын түсініп, Алматыдан корсет дайындауға керек құрал-сайманның бәрін сатып алдым", - дейді шебер.
@sewing.ayokaa ??
♬ Fight Song (fast) - Rachel Platten
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!