Көпшілік еттен де қымбат жүзім зиян екенін айтып, дабыл қағып жатыр. Бұл тұста сарапшылар да пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.
Қазір жұрттың назары Shine Muscat-қа ауған. Кейінгі 2 аптада сүйегі жоқ жүзімге сұраныс күрт артқан. Бір үзімі 20 мың теңгеге дейін барады.
Дәмін татқан тауар туралы тұрғындардың ойы әртүрлі. Бірі мақтаса, енді бірі бағасына сай емес дейді. Олай айтуына себеп бар. Өйткені елге келіп жатқан жемістің бәрі бір елден шыққан өнім емес. Жүзім экспортымен жапониялықтардан бастап, корейлер мен қытайлар айналысады.
"Біздің елге қандай да бір өнім келсе, тексерістен өтеді. Мәселен, жүзім келді делік, біздің министрліктегі инспекторлар оны бірнеше тексерістен өткізеді. Егер қажет болса, лабораториялық зерттеу де жүргізіледі", - деді ҚР АШМ АӨК мемлекеттік инспекция комитетінің бас сарапшысы Айдын Әмірқұл.
Хит жүзім зиян екенін сарапшылар да айтып жүр. Таиландтықтар арнайы зерттеу де жүргізген. Телеарна дерегінше, ішінде улы хлорпирифос бар екені анықталыпты. Сөйтіп сатылымнан бірден алынып тасталған.
"Тек тоғыз үлгі Қытайдан әкелінген деп анықталды, ал қалған 15 үлгінің шыққан елін анықтау мүмкін болмады. Құрамынан 14 түрлі зиян химиялық зат қалдықтары, 50 пестицид, соның ішінде триасульфурон, цифлуметофен, тетраконазол және флудиоксонил сияқты 22 химиялық зат табылған", - деді THAI-PAN координаторы Прокчон Ушап.
Дәрігерлер хит жүзімді тұтынып, ауруханаға түскен тұрғындар жоқ екенін айтты. Десе де, кез келген өнімді зерттеп алып, алуға кеңес береді.
"Өзіміз ойлануымыз керек. Бұл денсаулыққа қалай әсер етеді, зияны жоқ па деп зерттеу маңызды. Әркім өз-өзіне жауапты екенін ұмытпаған абзал", - деді дәрігер Жанел Ілияс.
Еске салайық, бұған дейін желіде трендке айналған Дубай шоколадының орнына Shine Muscat жүзімі келгенін, бұл несімен ерекше екенін жазған едік.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!