Алматыда полиция 61 жастағы тұрғынды өлтіру дерегі бойынша төрт адамды ұстады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мән-жайы
Бұған дейін әлеуметтік желіде жантүршігерлік оқиғаның видеосы тарады. Кадрда белгісіз адам тұрғын үйдің кіреберісінде ер адамды иығына салып, көтеріп алып бара жатқаны көрінеді. Желіде тараған ақпаратта ер адам осы үйдің тұрғынын ес-түссіз күйде, басына қап кигізіп алып шыққаны, кейін күдіктілер оның пәтерін сатып жібергені айтылған.
Полиция не дейді?
Алматы Полиция департаменті мәліметінше, тергеу барысында қылмыстың мән-жайы, күдіктілер кім екені және олардың марқұмның пәтерін заңсыз иемденуге қатысы болуы мүмкін екені анықталған.
"Төрт күдіктінің барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір жедел тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық істі тергеу үшін ІІМ-нің ең тәжірибелі қызметкерлерінен арнайы тергеу тобы құрылды. Тергеу барысы ішкі істер министрінің жеке бақылауында", - деп жазылған хабарламада.
Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмеді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова