21 қыркүйекте кешке Астана, Қарағанды, Павлодар, Талдықорған және басқа да елді мекендерде үлкен кометаға ұқсайтын белгісіз нысан байқалған. Ерекше құбылысты видеоға түсіріп алған тұрғындар оны беймәлім ұшатын нысан деп топшылады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жарық сәуле шашқан нысан ауаны жарып өтіп, ғарышқа қарай ұшып бара жатқандай. Ерекше құбылысты ұялы телефондарына түсіріп үлгерген қазақстандықтар оны бөгде ғаламшарлықтар немесе метеорит болуы мүмкін деген болжам жасады.
Ал желі қолданушылары жарқыраған нысанның шығу тегі туралы әртүрлі нұсқаны алға тартып, көпшілігі "Байқоңырдан" ұшқан зымыранның ізі деген қорытындыға келген.
РИА Новости мәліметінше, аспандағы жарқыраған нысан "Байқоңырдан" ұшырылған "Союз-2.1 а" зымыран тасығыш екен, ол Халықаралық ғарыш станциясына бет алған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!