WhatsApp желісінде Europharma дәріхана желісінен медициналық субсидия алуға шақыратын хабарлама тарап жатыр. Онда биыл компанияға 56 жыл толғаны айтылады. Stopfake фактчекерлері бұл ақпарат алаяқтардың ісі екенін анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Дәріханалар желісінің ресми сайтында 150 000 теңге мөлшеріндегі субсидия туралы жазылмаған. Сонымен қатар, ресми сайттағы ақпаратқа сәйкес, 2022 жылы Europharma желісінің бірінші дәріханасы ашылғанына 27 жыл болады. Ал Instagram желісіндегі ресми парақшада дәріханалар иесі Aq niet Group компаниясына биыл 25 жыл болатыны айтылған. Демек, дәріханалар желісінің 56 жылдығы туралы ақпарат жалған.
Сондай-ақ, тараған ақпаратта көрсетілген сайт Aq niet Group компаниясына тиесілі емес және сауалнамадан өткені үшін ақша ұсынатын жүздеген басқа алаяқтық платформа сияқты жасалғанына назар аударған жөн. Ақшалай сыйлық алып, пікір жазған "қатысушылардың" есімдері шетелдік, ал Europharma дәріханалары тек Қазақстанда бар.
Кибералаяқтықтың бұл түрі "фишинг" деп аталады. Оның көмегімен алаяқтар адамдардың банк карталары деректері, жеке парақшаларының логиндері мен құпиясөздері, электрон пошта сияқты жеке ақпаратын алады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!