Әлеуметтік желіде әйелін ұрып, істі болған тағы бір шенеунік туралы ақпарат тарады. Желідегі ақпаратқа сүйенсек, Жомарт Қаратас 2020 жылы Алматы облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы қызметін атқарып жүрген кезінде телефон қуаттағышының сымымен әйелін ұрып, қолын ас үй пышағымен кескен, ал кейін оның әйелі құзырлы органдарға арыз жазған. Артынша шенеунік кешірім сұрап, іс тоқтаған. Қазнетте Жомарт Қаратас Жетісу облысында тағы бір жаңа қызметке тағайындалғаны туралы ақпарат тарады. Massaget.kz тілшісі осы мәселеге қатысты Жетісу облысы әкімдігіне жүгінді.
Ведомство мәліметінше, Жетісу облысының халық шығармашылығы орталығы директорының бос лауазымына конкурс 2-17 қыркүйек күндері аралығында жарияланған.
"Конкурсқа үміткер ретінде Қаратас Жомарт Мандатұлы құжаттарын тапсырды. Қаратас Жомарт Мандатұлы азаматтық қызметке кіру және азаматтық қызметшінің бос лауазымына орналасу бойынша конкурстық комиссия отырысының шешімімен 2023 жылғы 22 қыркүйектен бастап 3 ай сынақ мерзімімен Жетісу облысының халық шығармашылығы орталығының директоры лауазымына тағайындалды. Бұл лауазымға тағайындалуға қолданыстағы Еңбек заңнамаларына сәйкес кедергілер анықталған жоқ", - делінген ведомство хабарламасында.
Жомарт Қаратас әкімдік тарапынан "BIKEN – I" халықаралық театр фестивалін және 24 қазанда өткен Қазақстан Республикасы күніне арналған іс-шараны өткізуге қосқан үлесі үшін марапат та алыпты.
Айта кетейік, Жомарт Қаратас 1988 жылы Алматы облысы, Талдықорған қаласында дүниеге келген. Ол 2017 жылы Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филормониясының бас әкімшісі қызметін атқарған; 2017-2018 жылдары "Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры" МКҚК директорының орынбасары; 2019-2020 жылдары "Алматы облысы жастар саясаты мәселелері" басқармасының басшысы болған.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз