- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Желіде спортшы вакцина...
Желіде спортшы вакцина салдарынан есінен танып қалды деген ақпарат тарады
Желіде синхрон жүзуден жарыс кезінде есінен танып қалған чемпион Анита Альварес туралы жалған ақпарат тараған, - деп хабарлайды Stopfake.kz.
Желі қолданушыларының айтуынша, спортшының жағдайының күрт нашарлауына COVID-19-ға қарсы вакцина себеп болған. Бұл - жалған.
Анита Альвареске қатысты оқиғаны көптеген бұқаралық ақпарат құралы жазған болатын. Басылым мәліметінше, бірде-бір беделді ақпарат көзі спортшының әлсіздігі оның екпе салдыруына байланысты болды деп айтпаған.
Dailymail басылымының мәліметінше, былтыр да Анита Альварес осыған ұқсас жағдайға тап болған. Ол есінен танып, суға батып кете жаздаған.
Кәсіби синхронистер арасында мұндай оқиғалар жиі болады. Өйткені бұл спорт көп күш-жігерді қажет етеді. Спортшылар күрделі гимнастикалық элементтерді жасап, ұзақ уақыт тыныс алмай, оттегісіз су астында қалады. Синхрон жүзу кезінде естен танып қалу COVID-19 пандемиясына дейін де болған. Мысалы, 2008 жылы жарыс кезінде жапон спортшысы Хироми Кобаяши есінен танып қалған.
Сонымен қатар, Dailymail порталы естен танып қалу және мидың шайқалуы синхрон жүзу жаттығулары кезінде жиі кездесетін оқиғалардың бірі екенін жазған.
Демек, Анита Альварестің есінен танып қалуын COVID-19-ға қарсы вакцина алуымен байланыстыруға ешқандай негіз жоқ. Мұндай мәлімдемелер - манипуляция.
Ж. Қадыржанова