Telegram-арналарда Еуропа Одағы елдерінде тағамға шегіртке қосуға рұқсат беретін нормалар мақұлданғаны туралы ақпарат тарап жатыр. Сондай-ақ, Желі қолданушылары мұндай өнім қаптамаларында белгі болмайтынын, құрамында жәндіктер бар екені көрсетілмейтінін жазған. Бұл шындыққа жанаспайды, - деп хабарлайды Stopfake.kz.
Басылым мәліметінше, жаңа нормалар ЕО елдерінде қабылданғаны рас. Еуропалық азық-түлік қауіпсіздігі басқармасының қаулысына сәйкес, шегірткелерден немесе Acheta domesticus-тан жасалған жартылай майсыздандырылған ұнды жеуге рұқсат етіледі. Мұндай ұн былай жасалады: шегірткелерді ұнтақтамас бұрын бір күн бойы тамақтандырмайды, содан кейін оларды мұздатады, жуып, термиялық өңдеуден өткізеді, майсыздандырады, содан кейін құрғақ ұнтаққа айналдырады. Мұндай өнім ақуызға бай және ағзаға зияны жоқ.
Жаңа нормаларға сәйкес шегірткеден жасалған ұнды пиццаға, макарон өнімдеріне, тағамдарға, тұздықтарға, қоспаларға, кейбір өңделген тағамдарға және т.б. қосуға болады. Осы және басқа да өнімнің барлығы 2015 жылғы 25 қарашадағы Еуропалық Парламент пен Кеңестің 2015/2283 регламентіне сәйкес міндетті түрде белгіленуі қажет. Қаптамаларда өнімнің толық құрамы, соның ішінде шегіртке ұны, сондай-ақ, өнімнің шаян тәрізділерге, ұлуларға және шаң кенелеріне аллергиясы бар адамдарда аллергия реакциясын тудыруы мүмкін екені туралы нұсқау болуы керек.
Сондай-ақ, құрамында шегіртке ұны бар өнімдер белгіленген стандарттарға сәйкес болуы керек.
"ЕО-да шегірткелер мен басқа да жәндіктер жаңа тағам ретінде қарастырылатындықтан, оларға қатаң талаптар қойылады. Өнімге қанша жәндік ұнын қосуға болатынына қатысты нақты шектеу бар", - деп түсіндірді Литваның ұлттық азық-түлік және ветеринария қызметінің азық-түлік инспекторы Дейвидас Калинаускас.
Сонымен қатар, ол жәндік ұнын тағамға ешкім жасырын түрде қоспайтынын атап өтті. Оның айтуынша, жақын арада бұл өнім кеңінен қолданылатын тауарға айналуы екіталай.
Демек, таралған ақпарат шындыққа жанаспайды. Құрамында шегіртке ұны бар өнімдер міндетті түрде қаптамасында көрсетіледі, сондай-ақ басқа да азық-түлік тауарының құрамы толық көрсетіледі, аллергиясы бар адамдарға ескерту жазылады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!