Әлеуметтік желіде Руслан Берденовке қатысты дау тудыратын тағы бір ақпарат тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Threads желісінде Жаңа жылға қатысты жазба пайда болды. Жазба авторының айтуынша, Руслан Берденов басқарып отырған компанияда жаңа жылдық кеш өткізуге, тәтті сыйлық беруге тыйым салынған, ресми себеп ретінде "Жаңа жыл мұсылмандардың мерекесі емес" деген уәж келтірілген.
Алайда Руслан Берденов бұл жалған ақпарат екенін айтып, әлеуметтік желідегі парақшасында үндеу жасады.
"Менің Жаңа жылға қатысты және компания ішіндегі ұстанымыма байланысты жалған ақпарат тарап жатыр екен. Қазақстан - зайырлы мемлекет. Біз көпұлтты, көпконфессиялы елміз. Сондықтан мен үшін басшы ретінде "дұрыс" немесе "бұрыс" дін мен мәдениет өкілдері деген ұғым жоқ және болуы да мүмкін емес. Мен барлық дәстүрге құрметпен қараймын. Ол Жаңа жыл болсын, Наурыз болсын, Рождество, Құрбан айт немесе адам мен оның отбасы үшін маңызды кез келген мереке болсын, бәрі де қадірлі", - деді ол.
Руслан Берденовтің сөзінше, Жаңа жыл - отбасылық мейрам.
"Діни себеппен мерекені атап өтуден бас тарту, корпоративтерді немесе жаңа жылдық сыйлықтарды алып тастау туралы ешқандай шешім қабылданған жоқ және ондай шешім қабылдануы да мүмкін емес. "Жаңа жыл мұсылман мерекесі емес, сондықтан біз қызметкерлерді құттықтамаймыз" деген мәлімдемелер шындыққа жанаспайды. Осындай хабарламаларға сақтықпен қарап, тексерілмеген ақпаратқа сүйеніп, қорытынды жасамауды сұраймын", - деді ол.
Руслан Берденов қауіпсіздік қызметі қазір бұл жағдайды зерттеп жатқанын мәлімдеді.
Еске салайық, 2025 жылы 21 сәуірде Шымкент қаласы әкімдігі ғимараты маңында атыс болды. Салдарынан Руслан Берденов жарақат алды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!