Петропавлда Toyota Corolla жүргізушісі полицейлерден қашпақ болды. Тәртіп бұзушының қашқан сәті тәртіп сақшыларының камерасына түсіп қалған, - деп хабарлайды Мassaget.kz.
"10 тамызда кешке Партизан-Назарбаев көшелерінің қиылысында полицейлердің назарына артқы бампері жоқ Toyota Corolla көлігі түседі. Жағдайды білу үшін тоқтатқан инспектор көлік жүргізушісінен спирттік ішімдіктің иісі шығып тұрғанын байқаған. Ер адам бірден газға басып, жолда жүру ережелерін өрескел бұзып, патрульді полиция экипажынан жасырынбақ болды", - делінген хабарламада.
Қуғын барысында 30 жастағы жүргізуші Жамбыл көшесіндегі ғимараттардың бірінің жанында ұсталды. Құқық бұзушыны ұстау кезінде жол қозғалысының басқа қатысушылары және азаматтар зардап шеккен жоқ. Ер адам медициналық куәландырудан өтуден бас тартты. Ал көлігі мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды.
Полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбаған, жолда жүру ережесін өрескел бұзған көлік жүргізушісіне әкімшілік хаттама толтырылды. Жиналған материал мамандандырылған әкімшілік сотқа жіберілді.
Соттың шешімі бойынша, ер адам 20 күнге әкімшілік қамауға алынды, сондай-ақ 8 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.