- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Желіде полицейлердің ер...
Желіде полицейлердің ер адамды ұрған видеосы тарады
Желіде полиция қызметкерлерінің ер адамды ұрып жатқаны бейнеленген видео тарады. Түркістан облысы Полиция департаменті өкілдері бұл оқиғаға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әлеуметтік желіде тараған жазбада ер адамның 21 тамызда таңғы 04:00 шамасында тұрғын ауданда тыныштықты бұзғаны, кейін оны екі полицей ұстап алағаны жазылған. Ұстау кезінде тәртіп бұзған ер адам полицейлердің айтқанына бағынбаған, нәтижесіне оны бір полицей бауыр тұсынан ұрған.
Түркістан облысы Полиция департаменті өкілдері бұл оқиғаға қатысты пікір білдірді. Олардың айтуынша, әлеуметтік желіге мониторинг жасау барысында полиция қызметкерлерінің бұл әрекеті анықталып, бірден Түркістан облысы Полиция департаменті басшылығының назарына алынды.
"Оқиға Түркістанда 21 тамызда сағат 04:00 шамасында Отырар мөлтек ауданында болған. Яғни Түркістан полициясына жергілікті тұрғыннан белгісіз біреудің түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына тез арада патрульдік полиция қызметкерлері жолданған. Олар тұрғынның хабарлауы бойынша көпқабатты тұрғын үйдің аумағына келгенде, бірнеше ер адам жиналып тұрғанын байқаған, алайда полицияны көре сала бәрі қашқан. Сол мезетте сақшылар бір адамды ғана ұстап үлгерген және оны медициналық сараптамаға жеткізбекші болғанда, ол қарсылық көрсетіп, одан сайын шу тудырған", - деді полиция қызметкерлері.
Ведомстводағылардың айтуынша, қазір бейнежазбадағы жайтқа байланысты департамент басшысы Мұрат Қабденовтің тапсырмасымен Өзіндік қауіпсіздік басқармасы өкілдері қызметтік тергеп-тексеруді бастады. Оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Бөлек