Атырау облысында полицей мен өрт сөндіруші жанжалдасып қалды. Желіде сол сәт түсірілген видео тарады. Оқиғаға қатысты Төтенше жағдайлар министрлігі мен облыстың полиция департаменті түсініктеме берді, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Кадрлардан полицей мен өрт сөндіруші жанжалдасып қалғанын көруге болады. Бірақ жанжал неден шыққаны түсірілмеген.
Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли бұл кадрларға түсініктеме беріп, өрт сөндіруші мен полиция қызметкері арасында төбелес болмағанын айтты.
"Иә, ондай жағдай болды. Атырау облысында өрт болды. Біздің күштер өрт болған жерге барып, оны сөндіруге кіріскен, бірақ аумақты сөндіру кезінде тұрғындар, бейтаныс адамдар жүрген. Өртті басқарған біздің қызметкер полицейлерден оларды алып тастауды сұраған, оған полицей дөрекі жауап берген. Сол кезде олардың арасында кикілжің болған. Ешқандай төбелес болған жоқ. Кейін оларды ажыратып тастаған. Өрт сөндірілді. Зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ", - деді Уәли.
ТЖМ екі тараптың уәждері тексерілетінін атап өтті. Тексеріс нәтижелері кейінірек жарияланады.
Атырау облысының полиция департаменті де қызметкерлер арасында түсініспеушілік болғанын растады.
"2 шілдеде полиция департаменті әлеуметтік желіде ТЖД қызметкері мен патрульдік полиция қызметкері арасындағы жанжал түсірілген видеоға қатысты қызметтік тексеру жүргізді. Қызметкерлердің бейнежетондарынан алынған бейнежазбалар қаралып, осы хабарлама кезінде барған қызметкердің бәрі тексерілді. Екі қызметкердің арасында түсініспеушілік туындаған, зардап шеккендер жоқ", - деді Tengrinews.kz тілшісіне облыстық ПД өкілдері.
Тәртіп сақшылары қызметтік тексеру қорытындысы бойынша патрульдік полиция қызметкері тәртіптік жауапқа тартылғанын нақтылады. Өрт сөндірушіге қатысты шешімді Төтенше жағдайлар департаменті қабылдайды.