Желіде "Мұхтар Шахановты "Қарттар үйіне" өткізіп жіберген" деген жалған ақпарат тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мұхтар Шахановтың көмекшісі Құдияр Біләлдің сөзінше, бұл жалған ақпарат. Бұл туралы ол Facebook-парақшасында айтты.
"Әлеуметтік желіде "Мұхтар Шахановты "Қарттар үйіне" өткізіп жіберіпті" дейтін шындыққа үйлеспейтін жаңсақ ақпарат тарап жүр. Соған байланысты маған да хабарласып жатқандар бар. Басын ашып айтайық. Мұның бәрі бос сөз", - деп жазған ол.
Құдияр Біләл жалған ақпарат қалай тарап кеткенін түсіндірді.
"Бар әңгіме, біз Мұхаңмен бірге тамақтанып отырған асханаға жетімдер үйінде тәрбиеленіп, өз еңбектерімен жетістікке жеткен екі жігіт келіп, Мұхаңа сағат сыйлады. Сол әңгіме үстінде біреуі: "балаларын тастап кеткен ата-аналар туралы не айтасыз" - деп сұрады. Мұхаң: "Ондайлар ешактар", - деді. Бары - осы. Сондықтан біздің кей "достарымыз" өршітіп жатқан жалған ақпаратқа бой алдырмаңыздар. Дәл қазір Мұхаң оқырмандарымен кездесіп жатыр. Сол суретті қоса жариялаймын", - деп жазған журналист парақшасында.
Мұхтар Шаханов - қазақ ақыны, драматургі, Қазақстанның Еңбек ері. Оның "Сырдария", "Бақыт", "Балладалар", "Сенім патшалығы" кітаптары мен "Эверестке шығу", "Ғашықтық ғаламаты", "Еркектер жыры", "Арман" және тағы да басқа өлеңдері бар.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!