Желіде цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинді отставкаға жіберу туралы петиция пайда болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Петиция авторы - Тамирлан Мұратұлы.
"Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин 02.09.2020 жылы тағайындалған болатын. 2023 жылы 11 шілдеде Бағдат Мусин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде интернеттің әлсіз болу себебі тарифтерге баға белгілеу екенін айтқан, оның сөзінше, "Екінші проблема - Тарифтердің арзандығы және біздің пайдаланушылар интернетте көп отыруы".
Оның сөзінен кейін қазақстандық ұялы байланыс операторлары бірінен кейін бірі тариф бағасын көтеріп тастады, ал интернет сапасы бұрынғы күйінде қалды", - дейді петиция авторы.
Тамирлан Мұратұлы петицияны көптеген қазақстандық қолдайды деп есептейтінін айтады.
"Себебі ол интернет қызметтерінің бағасын ұстап тұра алмайды, керісінше оларды көтерудің жолдарын табады", - дейді петиция авторы.
Петицияға 6 мыңнан аса адам қол қойған. 6009 адам петицияны қолдаса, 257 адам қарсы шыққан. Қол қоюшылар саны уақыт өткен сайын көбейіп жатыр.
"Ауылда Токио деген кафе бар еді, Мусин соны айтқан шығар". Министрдің сөзі Қазнетте хит болды
Еске салайық, бұған дейін Президент Тоқаев Астанадағы Интернет сапасы туралы айтқан болатын. Мемлекет басшысы қазіргі цифрлық өркениет пен білім экономикасы жағдайында адамның, әсіресе қала тұрғынының басты қажеттіліктерінің бірі - Интернеттің қолжетімділігі екенін атап өткен еді.
"Біз барлық жерде Астананы ақылды қала және аймақтық IT хаб ретінде жариялаймыз, бұл автоматты түрде негізгі цифрлық инфрақұрылымның жоғары сапасын білдіреді. Дегенмен, елордадағы Интернет пен ұялы байланыстың тұрақтылығы көңіл көншітпейді", - деді Тоқаев Астананы дамыту мәселелеріне арналған кеңесте.
Президент бұл тұрғындарға жайсыздық әкеліп қана қоймай, қала экономикасына елеулі зиян келтіреді, елорда қонақтарына өте жағымсыз әсер қалдыратынын атап өтті.
25 шілдеде цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин қазақстандықтарды интернетті үнемдеуге шақырған болатын. Министрдің мәлімдемесі Қазнетте қызу талқыға түсіп, түрлі мемдер пайда болды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!