Желіде Лениннің ескерткішін қалпына келтіруге қарсы петиция жарияланды. Қазақстандықтар Шығыс Қазақстан облысы Алтайдағы Ленин ескерткішінің қайта тұрғызылуына наразылығын білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл петицияны 4 мыңнан аса адам қолдаған. 3 мыңнан аса адам ескерткішке қарсылығын білдірсе, 1542 адам Ленин ескерткішін қайта тұрғызуға дауыс берген.
"Шығыс Қазақстан облысы, Алтайдағы Ленин ескерткішін қалпына келтіруге қарсымын. Ленин өмір бойы ымыраға келмеу идеясын ұстанып келді және кез келген мәселені шешу үшін зорлық-зомбылық жасауға болады деген идеяның жақтаушысы болды. Ол КСРО-ны халықтың сүйегі мен қанымен тұрғызды. Оның ішінде қазақтар да бар. Аштықты, қуғын-сүргін мен қырғын соғысты, жер аудару, Семей полигонындағы ядролық сынақтар, тартылып қалған Арал теңізін атасақ жетіп жатыр", - деп жазған петиция авторы.
Петиция авторы Қазақстанның тәуелсіз, тарихы, мәдениеті бар ел екенін айтып, Қазақ мемлекетін құруға өлшеусіз үлес қосқан ескерткіш ортуға лайық басқа да тұлғалары барын алға тартты.
Естеріңізге сала кетейік, 15 тамызда Алтайда орталық алаңды абаттандыру басталған еді. Жұмыстар тізімінде Ленин ескерткішінің тұғырының гранит тақталарын қайта құру жұмыстары да болды. Жұмыс кезінде жүк көтергіш техниканың айбайсызда мүсінге тиіп кетті. Кейін мүсін өздігінен жерге құлап түсті.
Кейін Шығыс Қазақстан облысында Ленин ескерткішін жөндеуге қаржы бөлген Алтай ауданының әкімі өз еркімен қызметінен кетті.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз