- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Желіде Күдебаевқа ұқсас...
Желіде Күдебаевқа ұқсас адамның ұсталған сәтінің фотосы тарады
Желіде Түркияға қашқан генерал Серік Күдебаевқа ұқсас адамның ұсталған сәтінің фотосы тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Фотода оның екі жағынан маска мен көзілдірік таққан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің екі қызметкері ұстап тұр.
Бұған дейін Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы Серік Күдебаев ұсталып, Қазақстанға жеткізілгені хабарланған еді.
"Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы С.М. Күдебаев ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол 2022 жылғы қаңтарда болған оқиғалар кезінде билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланғаны және азаптау үшін айыпталды. Сот талқылауы кезінде Күдебаев өзіне қатысты қолданылған бұлтартпау шарасын бұзып, соттан жалтарып кеткен, сол себепті қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасымен мемлекетаралық іздеу жарияланды", - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін прокурор Серік Күдебаевты 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрағаны хабарланған болатын. Кейін күдікке ілінген генерал Күдебаев ауруханаға түскені белгілі болды. Сондай-ақ Серік Күдебаевқа қатысты сот отырысы төртінші рет кейінге шегерілді.
Кейін Күдебаевқа халықаралық іздеу жарияланғаны белгілі болды. Сондай-ақ оның жұмыс істеп тұрған шекара бекеттерінен өтпегені хабарланды.
Ал ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы, генерал Серік Күдебаев Қырғызстанмен мемлекеттік шекараны кесіп өтуі мүмкін жерді іздестіріп жатқаны белгілі болды. Ал БАҚ-та "генерал Солтүстік Кипрде жүр"деген ақпарат та тараған еді. Бас прокуратура Күдебаев Бішкектен Ыстамбұлға ұшып кеткені туралы мәлімдеме жасады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан