Желіде тараған бейнероликте автор Қостанай облысындағы алапат орман өртінің себебін жария еткен. Оның айтуынша, тілсіз жау әскери ұшақ қателесіп тастаған бомба салдарынан туындаған. Бұл жалған, - деп хабарлайды Stopfake.kz.
Кадрдағы адамның сөзінше, Қазақстан арқылы мас ұшқыш басқарған ресейлік ТУ-95 ұшағы ұшып өткен. Ол соның салдарынан елімізге бомба тасталғанын айтады.
ҚР Қорғаныс министрлігі өкілі бұл ақпаратқа қатысты пікір білдірді.
"Қазақстан Республикасы аумағынан рұқсатсыз ұшып өткен шетелдік әуекемелері туралы ақпарат шындыққа жанаспайды", - деді ведомство өкілі.
Қазіргі кезде өрттің нақты шығу себептері анықталып жатыр. ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің айтуынша, мамандар бірнеше нұсқаны қарастырып жатыр.
Айта кетейік, ТЖД мәліметінше, өрт басталғаннан бері 2091 адам эвакуацияланған (3 қыркүйекте Аманқарағай, Озерное және Лесное ауылдарынан - 1841 адам, 5 қыркүйекте Бағаналы ауылынан Қазанбасы ауылына - 250 адам).
Әулиекөл орта мектебінің (21 адам), Әулиекөл мектеп-интернатының (1 адам), Қазанбасы орта мектебінің (20 адам) эвакуациялау пунктінде 42 адам, оның ішінде 14 бала бар. Эвакуцияланғандардың көпшілігі үйлеріне қайтқан, қалғандары туыстарының үйінде.
Өрттен барлығы 91 тұрғын үй зардап шеккен, 85 үй Аманқарағай ауылында және 6 үй Озерное ауылында орналасқан.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!