Желіде COVID-19-ға қарсы вакциналардың жаңа жанама әсері туралы фейк тарады, - деп хабарлайды stopfake.kz.
Басылым мәліметінше, Instagram-да медициналық препараттарға жағымсыз реакцияларды бақылау үшін әзірленген Еуропалық мәліметтер базасында COVID-19 қарсы вакцина салдарынан 19 мыңнан аса өлім тіркелді деген ақпарат тараған. Вакцинаның жаңа жанама әсері ретінде ересектердің кенеттен қайтыс болу синдромы көрсетілген. Мұның бәрі өтірік.
Препараттарға жағымсыз реакцияларды еуропалық бақылау жүйесі EudraVigilance жариялаған. Бірақ бұл ақпарат көзі сенімді статистикалық мәлімет бере алмайды, себебі онда кез келген адам ақпаратты растамай мәлімет қалдыра алады. Бұл туралы деректер базасының сайтында жазылған.
Жүйеде қалдырылған өтініштерді мамандар тексереді, осыдан кейін ғана әрбір нақты жағдайда вакцинаның немесе қандай да бір өзге дәрі-дәрмектің аурудың немесе дерттің дамуына себеп болғанын анықтайды.
Алайда, вакцинацияға қарсы адамдар өз пікірін дәлелдеу үшін тексерілмеген мәліметтерді ресми статистика ретінде ұсынып, бұл жайттарды әдейі елемейді.
Ересектердің кенеттен қайтыс болу синдромына келетін болсақ, бұл вакцинацияның жанама әсері емес. Ол COVID-19-ға қарсы иммундауға арналған препараттармен де байланысты емес. Бұл белгілері уақытында байқалмаған жүрек ұстамасы салдарынан кенеттен болатын өлімді сипаттау үшін қолданылатын термин. Мұндай жағдай сырқатты елемей, дәрігерде тексерілмейтін жастар арасында көп болады.
Кенеттен қайтыс болу синдромы спортпен шұғылданбайтын адамдарға қарағанда жүрекке көп салмақ түсіретін спортшылар арасында жиі кездеседі.
Verify фактчекинг порталының мәліметінше, ересектер арасындағы кенеттен қайтыс болу синдромының алғашқы жағдайы Германияда 1856 жылы, яғни COVID-19 қарсы вакциналар әзіленгенге дейін 170 жыл бұрын тіркелген.
Содан бері дәрігерлер генетикалық ерекшеліктеріне байланысты аритмиясы бар адамдар арасында кенеттен өлім синдромының даму қаупі жоғары екенін анықтады. Отбасында 40 жасқа дейінгі туыстарының кенеттен қайтыс болу жағдайлары болған адамдар тәуекел топқа жатады. Сондай-ақ бұлшықеті құрысып қалатын немесе мезгіл-мезгіл кеуде тұсында ауырсынуды не болмаса ыңғайсыздықты сезінетін адамдар денсаулықтарына ерекше назар аударуы керек.
Желіде COVID-19 пандемиясына дейін жүргізілген балалар мен ересектер арасындағы кенеттен өлім синдромы туралы зерттеулер бар. Оларға қарасақ, бұл синдром жыл сайын жүздеген адамның өмірін қияды екен. Мысалы, 2016 жылы Австралия мен Жаңа Зеландияда жүргізілген зерттеуде кенеттен өлім синдромы 490 адамның өліміне себеп болғаны айтылған. Сонымен қатар бұл синдромның даму жиілігі 31 жастан 35 жасқа дейінгі жастар арасында жоғары. Ғалымдардың айтуынша, яғни, жыл сайын 100 мың адамға шаққанда 3,2 жағдай.
COVID-19 қарсы вакцинация қандай да бір жолмен осы синдромның пайда болу қаупін арттыратындығын дәлелдейтін сенімді деректер жоқ. Ересектердің кенеттен қайтыс болу синдромы клиникалық зерттеулердің ешқайсысында вакциналардың жанама әсері ретінде тіркелмеген.
Демек, КВИ қарсы вакциналар кенеттен өлім синдромының дамуына ықпал етеді деген тұжырым жалған. Хабарламада келтірілген вакцинация салдарынан болған өлім туралы мәліметтер негізсіз және статистикалық деректер ретінде пайдалануға жарамайды.