- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Желіде ҚазМұнайГаз әрбір...
Желіде ҚазМұнайГаз әрбір қазақстандыққа 700 мың теңгеден аса қарыз деген ақпарат тарады
Әлеуметтік желілерде "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ Қазақстанның әрбір азаматына 749 983 теңгеден қарыз екені туралы ақпарат тарап жатыр. Онда ақшаны алу үшін арнайы платформада тесттен өту керегі айтылады. Бұл - алаяқтардың ісі, - деп хабарлайды Stopfake.kz.
Басылым мәліметінше, бұл ақпарат Mundo Materno Turnos деген парақшада жарияланған. Facebook әлеуметтік желісінде мұндай парақша тіркелген, бірақ оның Қазақстанға да, ҚазМұнайГаз компаниясына да қатысы жоқ. Бұл - испан тілінде сөйлейтін аналарға және болашақ аналарға арналған қоғамдастық. Парақшада босануға дайындық және нәрестелерге күтім жасау бойынша кеңестер ұсынылады. Бірақ 2021 жылғы шілдеден бері парақша жаңартылмаған.
"ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ ресми сайтында компания ақшалай ұтыс ойынын өткізбейтіні және азаматтарды инвестиция салуға шақырмайтыны туралы хабарландыру жарияланған.
"ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ Қазақстан азаматтарының қаражатын ешқандай инвестициялық жобаларға тартпайтынын мәлімдейді. Таралған жарнама жалған және алаяқтық белгілері бар", - делінген сайтта.
"Қазмұнайгаз" компаниясының Instagram-дағы ресми парақшасында да компания атынан әрекет ететін алаяқтар туралы бұрынғы ескертулер бар.
"ҚазМұнайГаз" ресми түрде бір ғана www.kmg.kz ресми сайты бар екенін мәлімдейді. "ҚазМұнайГаз" атынан әрекет ететін барлық басқа сайт - алаяқтардың ісі. Қазақстандықтардан және резидент емес тұлғалардан сақ болып, ресми дереккөздерге ғана сенуін сұраймыз. Халықаралық алаяқтар жоғары кіріс табуға үндеп, жаппай интернет-жарнама таратып жатыр", - делінген хабарламада.
Ірі БАҚ-та және мемлекеттік органдардың ресми ресурстарында "ҚазМұнайГаз" компаниясы қазақстандықтарға қарызы бар екені туралы ешқандай хабарлама жоқ. Демек, "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ-ның қазақстандықтарға қарыз екені туралы ақпарат - фейк.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова