Желіде қазақстандықтарға ай сайын төлем жасалатыны туралы ақпарат тарады

Instagram желісінде Halyk Bank әрбір қазақстандыққа ай сайын 117 700 теңгеден төлеуі тиіс екені туралы жарнама тарап жатыр. Бұл шындыққа жанаспайды, - деп хабарлайды Stopfake.kz.

Шын мәнінде, бұл жарнама алаяқтардың ісі және оның Halyk Bank-ке ешқандай қатысы жоқ.

"Бұл алаяқтар! Сақтық танытып, берілген сілтеме бойынша өтпеулеріңізді сұраймыз. Банк өнімдері, қызметтері және өткізетін акциялары бойынша барлық өзекті ақпарат Halykbank.kz сайтында жарияланады", - дейді банктің клиенттерді қолдау қызметі өкілі.

Сондай-ақ, жарнаманың ресми ресурста емес, The Ticket West Michigan деп аталатын парақшада таралғанына назар аудару керек. Бұл - АҚШ-тың Мичиган штатындағы Гранд Рапидс қаласында хабар тарататын коммерциялық спорттық радиостанцияның атауы. Олардың ресми сайтында қазақстандықтарға банк төлемдері жасалатыны туралы жарнамаға тапсырыс бергенін растайтын ешқандай ақпарат жоқ.

Сонымен қатар, жарнамада көрсетілген сілтемемен өткен кезде пайдаланушылар іс жүзінде жоқ сайтқа түседі, демек, ол жойылған немесе бұғатталған.

Демек, Halyk Bank қазақстандықтарға ай сайын 117 700 теңгеден төлеуі тиіс екені туралы мәлімдеме - фейк.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!