Желіде қазақстандық отбасы Таиландта балаларын жоғалтты деген ақпарат шықты: СІМ пікір білдірді

Желіде қазақстандық отбасы Таиландта балаларын жоғалтты деген ақпарат шықты: СІМ пікір білдірді
Фото: depositphotos.com

Әлеуметтік желіде қазақстандық отбасы Таиландқа қыдырып барып, балаларын жоғалтты деген ақпарат шықты. Онда балалары қонақ үйде жалғыз қалған кезде жоғалғаны айтылады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

 Бұл жазбаға қатысты KAZ.NUR.KZ тілшісіне Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі өкілдері пікір білдірді.

Instagram-дағы novosti.karaganda паблигінің жазуынша, қазақстандық отбасы Таиландта балаларын жоғалтып, оларды таба алмай елге қайтқан.

"Атын атамайық, бірақ бір ата-ана Қазақстанға баласыз оралды. Таиландта ата-ана балаларын бөлмеде қалдырып, дискотекаға кеткен. Келсе балалары жоқ. Олар қонақүйде шу шығарып, полиция шақырған. Балалар сол күйі табылмады. Балаларды ешқашан жалғыз қалдырмау керек", - делінген жазбада.

Жазбаға осыған ұқсас бірнеше жағдай болғаны туралы пікір қалдырған желі қолданушылары да бар.

Желідегі ақпараттың қаншалықты шындыққа сәйкес келетінін білмек үшін портал тілшісі Сыртқы істер министрлігіне жүгінді. Ведомство Таиланд корольдігіндегі Қазақстан елшілігінен 2023 жылы баласын Таиланд елінде жоғалттым деген ата-аналар бар-жоғын анықтап берді.

"Таиланд корольдігінің аумағында балалардың жоғалуы фактісі бойынша Қазақстан азаматтарынан Қазақстанның Таиланд корольдігіндегі елшілігіне өтініштердің түспегенін айтамыз. Сонымен қатар белгісіз тұлғалар курорттық аймақтарда балаларды ұрлайды деген ақпарат Таиландтың бұқаралық ақпарат құралдарында тіркелген жоқ", - делінген сауалхатқа берілген жауапта.

Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстанның Таиландтағы елшілігі осы елдің туристік аймақтардағы құқық қорғау органдарымен тұрақты байланыс орнатқан.

"Қазақстан азаматтарынан өз құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша арыз түскен жағдайда қазақстандық дипломаттар мәселені жедел түрде шешу үшін барынша қолғабыс көрсететінін мәлімдейміз", - дейді ведомство өкілдері.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Massaget.kz