- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Желіде Қазақстан 2023...
Желіде Қазақстан 2023 жылы ҰҚШҰ-дан шығатыны туралы ақпарат тарады
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде 2023 жылдың басында Қазақстан ҰҚШҰ-ға мүшелігінен шығатыны туралы ақпарат тарады. Онда бұл туралы 1 қаңтарда ресми түрде мәлімдеме жасалатыны айтылады. Stopfake.kz фактчекерлері бұл ақпарат фейк екенін анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өйткені ҚР Сыртқы істер министрлігі өкілі бұл ақпаратты жоққа шығарған.
"Қазақстанның ҰҚШҰ-дан шығуы туралы әлеуметтік желілерде тараған ақпарат - фейк және шындыққа жанаспайды. Қазақстан - ҰҚШҰ құрылғалы оған мүше, осы ұйымның белсенді қатысушысы. ҰҚШҰ-ға мүше болу еліміздің ұлттық мүдделеріне толық сай келеді. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартта оған қатысушы мемлекеттер үшін, оның ішінде Қазақстан үшін де қауіпсіздікті қамтамасыз етуге заңды түрде міндеттейтін кепілдіктер көзделген. Бұдан басқа, ҰҚШҰ шеңберінде халықаралық терроризмге, заңсыз көші-қонға, есірткінің заңсыз айналымына, трансшекаралық қылмысқа, ақпараттық саладағы қатерлерге бірлесіп, қарсы іс-қимыл жасау дағдылары пысықталады. Яғни, ҰҚШҰ аясындағы ынтымақтастық Қазақстанның сыртқы саясатының маңызды бағыты саналады. Еліміздің ҰҚШҰ-ға қатысуы Қазақстанның ұзақ мерзімді стратегиялық құжаттарында қарастырылған. Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан шығу туралы мәселені қарастырып жатқан жоқ", - деді ведомствоның баспасөз қызметі өкілі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова