Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов 1,5 сағат бойы өткен жиналыста қызметкерлеріне былапыт сөздер айтқан. 1 сағат 20 минуттық аудиода әкім "б...ь" сөзін 71 рет, "н...й" сөзін 73 рет айтқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Уральская неделя" басылымына сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, Тоқжанов бұл оқиға биыл наурызда ауданды су басу қаупі болып тұрған кезде болғанын айтқан.
Жиналыста Тоқжанов аппарат қызметкерлері мен ауыл әкімдерін өңірді су басу қаупі бойынша есеп беруін талап еткен. Ол өңір әкімдерін аймақты су басу қаупі тұрғанда олар резеңке аяқкиіммен жүрудің орнына туфлимен жүргенін, техникаға қажет 10 литр дизель отынын таба алмай жүргенін және аппарат қызметкерлерін құжат тапсыру мерзіміне сай үлгермей жатқанын айтып сынаған. Зейнетке шығуына бірнеше күн қалған жағдайда да қызметкерлерді жұмыстан шығарып жіберетінін айтып сөккен.
Айта кетейік, Марат Тоқжанов 1965 жылы Теректі ауданында дүниеге келген. Білімі жоғары, Қарағанды мемлекеттік университетін тарих және қоғамтану пәнінің мұғалімі, Қазақ мемлекеттік заң академиясын заңгер мамандығы бойынша бітірген.
Ол 2007-2008 жылдары Орал қаласы әкімінің орынбасары, 2008-2010 жылдары Шыңғырлау ауданының әкімі, 2010-2012 жылдары БҚО білім басқармасының бастығы, 2012-2013 жылдары облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы, 2013 жылдан бері Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!