Желіде жеңілдетілген автонесие бағдарламасы тоқтап, бағдарламаға бөлінген 100 миллиард теңге толығымен игерілген деген жалған ақпарат тарады. Бағдарламаға жауаптылар бұл ақпаратты жоққа шығарды, - деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
"Өнеркәсіпті дамыту қорының" мәліметіне, әлеуметтік желіде таралған ақпарат жалған. Яғни, бағдарламаға бөлінген 100 миллиард теңге әлі толық игерілген жоқ. Жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасын іске асыру мерзімі - 30 жыл. Бүгінге дейін қатысушы банктер жалпы сомасы 82 миллиард теңгеге 10 888 өтінімді мақұлдады, 4 847 автомобиль берілді.
Жеңілдетілген автонесие бағдарламасы 2013-жылы басталған болатын. Бағдарлама отандық автопромды қолдау үшін қолға алынған еді. Құны 15 миллионнан аспайтын Қазақстанда құрастырылған теміртұлпарды 4 процентпен 7 жылға бөліп төлеуге мүмкіндік беріп отыр. Дегенмен 100 миллиард теңге сарапшылардың есебі бойынша 10 мыңға жуық көлікке ғана жетеді.
"Жеңілдетілген несиемен беріліп жатқан автокөліктердің бағасы, мынау біздің одаққа ЕЭО мүше, мысалға Армения, Қырғызстан сияқты мемлекеттерге қараған кезде қымбат. Яғни бізге мемлекет тек несиелік қана жеңілдік беріп отыр. Егер осымен қоса жаңағындай сол автокөліктердің бағасының да төмендеуіне мүмкіндік беретін болса. Яғни 10 миллионның автокөліктерін 6-7 миллионға дейін түсірудің жағдайын жасаса", - дейді экономика ғылымдарының кандидаты Бауыржан Ысқақов.