Желіде жалған банкнота бейнеленген видео тарады

Фото: Видео кадры

Желіде 5 мыңдық жалған купюра көрсетілген видео пайда болды. Бұл видеоға Ұлттық банк өкілдері пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл видео TikTok-та жарияланып, 33 мыңнан аса репост пен мыңға жуық пікір жинаған. Желі қолданушылар жалған ақшаны әсіресе зейнеткерлерге ажырату қиын болатынын айтқан. 

Ұлттық банктің баспасөз қызметі өкілдері әлеуметтік желілерде пайда болған видеоға пікір білдірді.  

"Ұлттық банк Ұлттық валютаның түпнұсқа банкноттарының сыртқы белгілерін имитациялайтын және бөгде жазбалары бар полиграфиялық өнімдерді сатып алуға ұсынатын жарнамалық хабарландырулардың әлеуметтік желілері мен мессенджерлері арқылы таралу дерегін анықтау туралы ескертеді. "Бірге тойлаймыз!", "Төлем құралы емес" жазбасы бар. Тиісінше, бұл - жалған купюра", - делінген банктің хабарламасында.

Ұлттық банк Қылмыстық кодекстің 231-бабына сәйкес жалған ақшаны немесе бағалы қағаздарды дайындау, сақтау, тасымалдау немесе өткізу қылмыстық қудалауға жататынын еске салады.

"Бұл дерек бойынша Ұлттық банк Қазақстан Ішкі істер министрлігіне ақшаның таралу дерегі бойынша тексеру жүргізу үшін өтініш жолдады. Бұған байланысты банкноттарды пайдалану кезінде жазбаларға көңіл бөлу және олардың түпнұсқалығын тексеру ұсынылады", - делінген банктің хабарламасында. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек