"Желіде хит болғанымды кейін білдім". Түркістан облысында жалаңаяқ сұхбат алған журналист оқиғаны түсіндірді
Су тасқыны болып жатқан Түркістан облысында қолына микрофон ұстап, жалаңаяқ сұхбат алып тұрған журналистің суреті Желіде тарап кетті. Massaget.kz тілшісі оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында журналиспен сұхбаттасты.
Әлеуметтік желі қолданушыларының бір бөлігі "жарайсың, ел үшін етігімен су кешу деген осындай болар", - деп жатса, енді бірі "аяғыңнан сыз өтті ғой, қап", - деп жанашарлық білдіріп жатыр. Арасында "Хайп үшін не істемейді дейсің?" дегендер де табылған.
Желіде суреті тараған жігіттің есімі - Жандос, тегі - Тастемір. Ол - облыстық "Түркістан" телеарнасы жаңалықтар қызметінің тілшісі.
"Түркістан облысына қарасты "Бабай-Қорған ауылын су алып жатыр" дегенді ести сала, оператор екеуміз ештеңеге қарамай жолға шығып кете салыппыз. "Аяқтан су өтеді-ау, резеңке етік киейік" дейтін уақыт жоқ. Келсек, расында біреудің қорасын, біреудің ауласын топан су басып, ел әбігерге түсіп жатыр. Бірінші сюжеттен кейін аяқ шылқып су болды. Кезек жаңалықтар кезіне таяп қалған, тікелей эфирге санаулы секундтар қалыпты, қарасам жан-жағымда аяқкиім жоқ. Амалсыз осылай жалаңаяқ тұрып, репортаж жасап, сұхбат алуға тура келді", - дейді ол.
Жандостың сөзінше, бұл шақта ойланатын уақыт болмапты.
"Ондай алагеуім шақта қайдан ойланып жатасың? Сыртымнан суретке сырт еткізіпті. Оны өзім білмеймін де, тек жан-жақтан хабарламалар жауып кеткенде бір-ақ білдім, әлеуметтік желіде "хит" болып жатқанымды. Бірақ мен ол әрекетімді хайп үшін жасағаным жоқ, жағдай солай болды. Менің орнымда басқа журналист болса да солай етер еді деп ойлаймын", - дейді ол оқиға туралы.
Айта кетейік, Түркістан облысындағы су тасқыны әлі толық ауыздықталған жоқ. Жауын әлі басылар емес.
Түні бойы Арыс қаласы ұйықтамай, Арыс өзені тасыған жағдайда қаланы су шайып кетпес үшін қолдан келгеннің бәрін жасады.
Әскерилер мен еріктілер, ауыл азаматтары мыңдаған қапқа құм толтырып, су келетін жолдың бәрін бөгеді.
Алты көпірде арнайы техника ұйымдастырылып, мұз жару, оны артумен айналысты. Мұндай жұмысқа 150-ден аса адам жұмылдырылған. Ал Шаға ауылы тұрғындары толық эвакуацияланды.
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында жауын салдарын жою жұмыстары жүргізіліп жатқаны хабарланған болатын.
Мәриям Әбсаттар
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz