Желіде пәтерлерді аралап, арзан ыдыс-аяқ сатып алуды ұсынып, есік ашқан адамдарды өлтіріп, тонап кетіп жатқан қарақшы-маньяк туралы ақпарат тарады, - деп хабарлайды Stopfake.kz.
"Мәтіні осындай, бірақ суреті басқа ақпарат 2016 жылы да жарияланған болатын. Ол кезде маньяк туралы ескерту Башқұртстанда тараған еді. Ол өтірік болып шықты, бұл туралы ресейлік БАҚ-тар да жазды.
Ал дәл бүгінгідей хабарлама 2018 жылдың басында шыққан. Ол кезде тонап, өлтіріп кететін адам туралы Хромтау тұрғындарына ескертілді. Бұл ақпарат басқа қалалардың тұрғындары арасында да тарай бастады. 2020 жылдың ақпанында хабарлама Украинада тарады, бірақ ол тез арада жоққа шығарылды", - делінген Stopfake.kz сайтында.
Басылым мәліметінше, мұндай маньяктың бар екені туралы дерек не Қазақстанда, не Ресейде, не Украинада расталмаған.
"Сондай-ақ оның бірде-бір "құрбаны" анықталмады. Қорыта айтқанда, ақпарат - сегіз жыл бұрын Желіде тараған фейк", - деп түйінделген сайтта.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!