Желіде Ерболат Құдайбергенге қатысты видео тарады: Алматы полициясы жағдайға пікір білдірді

Желіде Ерболат Құдайбергенге қатысты видео тарады: Алматы полициясы жағдайға пікір білдірді
Фото: Видео кадры

Әлеуметтік желіде "Алматыда полиция қызметкерлері танымал әнші Ерболат Құдайбергенді ұстап, наркология орталығына жеткізгені" туралы ақпарат тарады. Бұл жағдайға Алматы Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

Желіде тараған кадрда "Ерболат Құдайбергенге ұқсайды" делінген адам полицияның жанында тұрғаны көрінеді. Бұған дейін редакция осы жағдайға байланысты әншінің менеджерімен байланысқа шыққан еді. 

"Бұл - жалған ақпарат. Концерттерге шығып жүрміз. Бәрі жақсы. Соңғы өнер көрсеткен жеріміз - Астана", - деді ол.

Сонымен қатар, өнер иесінің менеджері жалған ақпарат таратқандарға қатысты шара қолданатындарын мәлімдеді.

Алматы полициясы не дейді?

Алматы Полиция департаменті оқиғаға көршілердің шағымы себеп болғанын хабарлады.

"Көпқабатты үйлердің бірінің тұрғындары қоғамдық тәртіпті бұзып жүрген көршісі туралы айтып, полицияға арызданды. Учаскелік инспектор оқиға орнына дереу барды. Мәлімет расталды, ер адам агрессия танытып, айналасындағыларға қауіп төндірген", - деп жазылған полиция жауабында.

Осыдан кейін ер адам медициналық тексеріске жіберілген. Сараптама оған психоактив заттар әсер еткенін көрсеткен.

"Медициналық көрсеткіштерді ескеріп, құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында ол 15 тәулікке мамандандырылған медициналық мекемеге мамандардың бақылауына орналастырылды", - деп мәлімдеді полиция.

Сонымен қатар, ұсталған ер адам ӘҚБтК-нің бірнеше бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған:

  • азаматтардың тыныштығын бұзу;
  • психоактив заттардың әсерімен қоғамдық орында жүру;
  • тіркеуде болмау;
  • қоғамдық орындарда азаматтарға тиісу.

Полиция оның бұған дейін де қоғамдық тәртіп бұзғаны үшін жауапқа тартылғанын айтты.

Ерболат Құдайберген - танымал әнші, YERBolat лақапатымен өнер көрсетеді. Ол "Мен қазақпын", "Жігіттер" секілді әндері арқылы кең танымалдыққа ие болған.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget