Қазнетте ҚР Денсаулық сақтау министрлігі емшілікті медицина деп тануды жоспарлап отырғанын дәлелдейтін құжаттың скриншоты тарады. Ведомство өкілдері бұл ақпаратты жоққа шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі stopfake.kz-ке сілтеме жасап.
Министрліктің баспасөз қызметі мәліметінше, Желіде тараған скриншот 2019-2021 жылдары Дүниежүзілік банк жобасы аясында әзірленген "Дәстүрлі медицина. Емшілік" кәсіби стандартының алғашқы қолжазбасынан жасалған. Қазір құжат талқыланып жатыр. Жоба бекітілген соң Ашық НҚА порталына жарияланады.
Бұл жоба 50-ден аса мамандыққа арналған кәсіби стандарттарды қамтиды.
"Емшілерді дәрігерлермен және дәлелді медицинамен теңестіру туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл жоба олардың жауапкершілігін қалыптастыруға және стандарттарға сәйкес келтіруге бағытталған. Сонымен қатар, 2020 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі" туралы кодексінде "Дәстүрлі медицина. Емшілік" бөлімі бар, онда мына нормалар бекітілген:
1. Дәстүрлі медицина - халық медицинасының көпғасырлық дәстүрлеріне негізделген және медициналық қолдануға рұқсат етілген, профилактиканың, диагностиканың, емдеудің және оңалтудың кодификацияланған әдістерінің жиынтығы.
2. Медициналық білімі бар, денсаулық сақтау саласындағы маман сертификаты және Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес лицензиясы бар адамдардың дәстүрлі медицина саласындағы қызметке құқығы бар.
3. Емшілік - емшілік құралдар, тәсілдер, дағдылар туралы эмпирикалық мәліметтердің жиынтығы және денсаулыққа әсер ету мақсатында оларды практикалық қолдану.
4. Екі және одан көп адамдарды тарта отырып, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарын пайдаланып, емшілік сеанстарын жүргізуге тыйым салынады.
5. Емшілік әдістерін қолдану кезінде адамның денсаулығына зиян келтірген адам Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады", - деп түсіндірді министрліктің баспасөз қызметі өкілі.
Демек, Қазақстанда емшілік медицинамен теңестірілмейді. Елімізде адамдарға зиян келтірмеу үшін емшілерге арналған белгілі бір нормалар әзірленіп жатыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!