Желіде Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың көмекшісіне қатысты жалған ақпарат тараған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
"Желіде Алматы әкімінің көмекшісі ұсталғаны туралы жалған ақпарат таралып жатыр, бұл хабарламада Алматы облысы Іле ауданы әкімінің фотосы көрсетілген. Осыған байланысты Алматы қаласының әкімдігі жалған ақпарат таратқандарды анықтау үшін құқық қорғау органдарына жүгінетінін мәлімдейді. Еске салайық, заңнамаға сәйкес, жалған ақпарат таратқандар әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін", - делінген хабарламада.
Еске салайық, 4 қыркүйекте Алматы облысында Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаев ұсталғанын хабарлаған едік.
Антикор қызметкерлері әкімді 3 қыркүйекте ұстаған. Қарасаев қылмыстық кодекстің 361-бабы (Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану) және 362-бабы (Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану) бойынша күдікке ілінген.
Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаев ұсталды: мән-жай белгілі болды
Бағдат Қарасаев уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. Қарасаев Іле ауданын 2018 жылдың қыркүйегінен бері басқарып келе жатыр. Бұған дейін Алматы облысы әкімінің кеңесшісі қызметін атқарған.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!